Ақорда төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Құтқарушы күніне арналған салтанатты жиында Сыр елінің азаматы, ауылымыздың тумасы Нұрсұлтан Жалғасов жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды.
Қызылорда қаласындағы №6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Нұрсұлтан Жалғасов ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы адал қызметі мен ерлігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Бұл – тек Нұрсұлтанның ғана емес, туған жері мен ауылдастары үшін де зор мақтаныш. Адам өмірін сақтап қалу жолында тәуекелге барып, қиын сәтте көмекке асығатын құтқарушылардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Осындай жауапты қызметте абыроймен еңбек етіп жүрген ауылымыздың азаматының мемлекеттік марапатқа ие болуы – жас ұрпаққа үлгі, елге қызмет етудің жарқын көрінісі.
Ауылымыздың мақтанышына айналған Нұрсұлтан Жалғасовты жоғары мемлекеттік марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Ел игілігі жолындағы еңбегіңізге толағай табыс, қызметіңізге сәттілік, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілейміз. Әрдайым абырой биігінен көрініп, ел құрметіне бөлене беріңіз!
Аманкелді а/о әкімдігі









