Қазақстанда алғаш рет хирургтер роботтың көмегімен асқазанға күрделі ота жасады

    Қазақстанда алғаш рет хирургтер роботтың көмегімен асқазанға күрделі ота жасады

    Алматы онкологиялық орталығында Қазақстанда алғаш рет үлкен хирургиялық тілік жасамай, асқазанның бір бөлігін алып тастау бойынша роботтандырылған ота жасалды.

    Отаны орталықтың хирургтер тобы роботтандырылған хирургиялық жүйенің көмегімен орындады.
    Ота барысында ICG-навигациясы қолданылды — бұл хирургке қажетті анатомиялық құрылымдарды жақсырақ көруге мүмкіндік беретін технология. Сондай-ақ онкологиялық қағидаттарға сәйкес аймақтық лимфа түйіндерін алып тастауды қамтитын D2 лимфодиссекциясы жүргізілді.
    Отаның қалай өткенін және роботтық хирургияның қандай мүмкіндіктер ашатынын Алматы онкологиялық орталығының онкохирургия бөлімінің меңгерушісі, PhD докторы Нұрлан Балтаев айтып берді.
    «Роботтандырылған жүйе хирургке жоғары дәлдікпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Біз операциялық алаңды үлкейтілген үш өлшемді кескін арқылы көреміз, анатомиялық құрылымдарды егжей-тегжейлі қарастырып, қол жетуі қиын аймақтарда күрделі манипуляцияларды орындай аламыз. Сонымен қатар жүйе хирург қолының табиғи дірілін сүзгіден өткізеді».
    Науқас үшін роботтандырылған технология күрделі отаны үлкен хирургиялық тіліктің орнына шағын тесіктер арқылы жасауға мүмкіндік береді. Бұл отаның жарақаттылығын азайтып, науқастың тезірек қалпына келуіне жағдай жасайды.
    Асқазанға жасалған ота Алматы онкологиялық орталығы мамандары орындаған 15-ші роботтандырылған операция болды. Бұған дейін мамандар роботтың көмегімен тоқ және тік ішек, қуықасты безі, бүйрек және жатыр денесінің ауруларына байланысты оталар жүргізген.
    Орталықта жыл сайын 3 мыңнан астам операция жасалады, оның 60%-дан астамы — аз инвазивті әдіспен орындалады. Кейбір жағдайларда осы тәсілдің арқасында пациент ота жасалған күні-ақ орнынан тұрып, қозғала бастай алады.

    Роботтандырылған технологияларды енгізу заманауи онкологиялық хирургияның мүмкіндіктерін кеңейтіп, аз инвазивті тәсілдерді қолдана отырып, барған сайын күрделі оталарды орындауға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы" жаңалықтары