ШҚО-да «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы тексерілді

    ШҚО-да «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы тексерілді

    Мемлекет басшысының халықты сапалы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау, сондай-ақ «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстан облысында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы бағытта ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникация комитеті өңірдегі байланыс сапасы төмен әрі проблемалы аумақтарды («ақ дақтарды») тексеріп, арнайы жұмыс кеңесін өткізді.

    Кездесудің басты мақсаты — өңірдегі инфрақұрылымдық түйткілдерді шешіп, халықты үздіксіз әрі сапалы интернетпен қамтамасыз ету болды. Инспекция барысында телекоммуникация инфрақұрылымын дамытудың негізгі бағыттары жан-жақты сараланды.

    Талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жобасы бойынша Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков әрбір елді мекен бойынша жұмыстың егжей-тегжейлі кестелерін бекітуді және олардың орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге ол шағын ауылдарды жергілікті әкімдікпен келіспейінше және балама шешімдерін таппайынша қамту жоспарынан алып тастауға жол берілмейтінін баса айтты.

    Шалғай және қатынауы қиын елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету үшін «соңғы миля» жобасы аясында рельефі күрделі 12 ауылға OneWeb спутниктік байланыс кешендерін орнату ұсынылды. Бұдан бөлек, Tele2/Altel операторының лицензиялық міндеттемелеріне кіретін 8 ауылды жоспарланған мерзімнен бұрын қосу мәселесі қарастырылып жатыр.

    Облыс орталығы Өскемен қаласындағы инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары да қарқынды жүруде. Бұған дейін анықталған 24 проблемалық орынның 22-сі бойынша мәселе толықтай шешімін тапты. Ал қалған учаскелер бойынша «Ягодка» саяжай алабында электр монтаждау жұмыстары аяқталып келеді, «Болашақ» шағынауданында базалық станция орнатуға алаң таңдалуда, сондай-ақ қос мақсаттағы 7 тіреуішке жер телімдері рәсімделуде. Сонымен қатар, Лихарев көшесі мен жағалау бойындағы радиокедергілерді жою мақсатында Байланыс инспекциясы, Мемлекеттік радиожиілік қызметі және Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қатысуымен бірлескен радиомониторинг жүргізу жоспарланды.

    Инспекция қорытындысы бойынша комитет тарапынан операторларға антенна-мачталық құрылымдардың мүмкіндігін толық пайдалану және тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін жабдықтарды орнату жұмыстарын тезірек аяқтау жүктелді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі" жаңалықтары