
13–17 қазан аралығында Қарағандыда III республикалық «Сын – шын болсын» театр фестивалі өтеді. Биылғы өнер мерекесі театр сыншысы, жазушы, аудармашы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әшірбек Сығайдың шығармашылық мұрасына арналады. Фестиваль аясында Алматы, Астана, Тараз, Көкшетау және Семей қалаларынан келген театр ұжымдары Сәкен Сейфуллин және Константин Станиславский атындағы театр сахналарында үздік қойылымдарын ұсынады.

Фестивальге Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Әбдірахман Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, сондай-ақ Астананың «Жастар» және Абай облысының «Дарын-ай» жастар театрлары қатысады.

III республикалық «Сын – шын болсын» театр фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі 13 қазанда сағат 17:00-де өтеді.
Фестиваль бағдарламасына жанры әртүрлі алты спектакль енген. Көрермендер «Макбет» және «Қарагөз» трагедияларын, «Парасат майданы», «Қараш асуындағы баллада», «Соқырлар» және «Ұлпан» драмаларын тамашалай алады.
Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі және жеңімпаздарды марапаттау 17 қазанда сағат 16:00-де өтеді.

Айта кетейік, «Сын – шын болсын» алғашқы республикалық театр фестивалі 2021 жылы ұйымдастырылып, ол да Әшірбек Сығайға арналды. Араға екі жыл салып, 2023 жылы екінші фестиваль өтті. Ол қазақтың ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл толуына орай өткізілді.









