
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Станислав Василенко Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен Еуропа Кеңесі бірлесіп ұйымдастырған адам саудасына қарсы күрес жөніндегі ұлттық үйлестірушілер мен баяндамашылардың әрі баламалы тетіктердің 10-шы жыл сайынғы кездесуіне қатысты.
Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Ұлттық адам құқықтары орталығының өкілдері де қатысты.
ЕҚЫҰ-ның Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі Арнайы өкілі және үйлестірушісі Кэри Джонстон қылмыстық желілердің тез бейімделуі және олардың заманауи технологияларды белсенді пайдалануы жағдайында үйлестірілген халықаралық іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде, Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы Еуропа Кеңесі Конвенциясының атқарушы хатшысы Петя Несторова көпжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде жергілікті және өңірлік билік органдарымен және пенитенциарлық қызметтерімен ынтымақтастықтың маңызды рөлін атап өтті.
Ұйымдасқан қылмыспен күресудің кең ауқымды стратегияларына адам саудасына қарсы шараларды біріктіру жөніндегі сессия барысында Олег Цой Қазақстанның тәжірибесін ұсынды. Ол адамдарды тарту мен қанауда цифрлық технологиялар рөлінің артып келе жатқанын атап өтіп, жедел ақпарат алмасу, бірлескен тергеулер жүргізу және шекарааралық ынтымақтастықты нығайту қажеттілігіне назар аударды.
Сонымен қоса, Қазақстан делегациясы Кэри Джонстонның төрағалығымен әрі Орталық Азияның бес мемлекеттері өкілдерінің қатысуымен өткен адам саудасына қарсы күрес жөніндегі өңірлік дөңгелек үстелге қатысты.
Талқылау барысында Станислав Василенко адам саудасының құрбаны болған және шетелдік алаяқтық орталықтарында қылмыстық әрекетке мәжбүр болған азаматтарды қайтарудағы Қазақстанның тәжірибесін ұсынды. Ол ақпарат алмасу, құрбандарды ерте анықтау және жолдау, мамандарды бірлесіп оқыту және шекарааралық істер бойынша іс-қимылдарды үйлестіру үшін C5+ЕҚЫҰ форматында өңірлік жұмыс тобын құруды ұсынды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі ұлттық баяндамашы ретіндегі жаңа мандатымен таныстырды, жәбірленушілерді ерте анықтау мен қорғаудың, сондай-ақ өңірдегі ұлттық баяндамашылар арасында тәжірибе алмасудың маңыздылығы да аталып өтті.
Қазақстан адам саудасының алдын алу, жәбірленушілерді қорғау және трансұлттық қылмыстық желілерге қарсы тұру үшін ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және басқа да серіктестермен белсенді өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.









