Жекелеген азаматтар санатының үй жануарларына тегін чип салу туралы

    Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес асыранды иттер мен мысықтарды тіркеу және чип салу – міндетті рәсім. Алайда бұл тек заң талаптарын сақтау ғана емес: үй жануарына салынған микрочип — оның өмірін қорғаудың нақты құралы.

    Чип жануарды тұрақты түрде сәйкестендіруге мүмкіндік береді және үй жануары қай жерде жүрсе де, оны иесімен сенімді түрде байланыстырады. Егер ит немесе мысық жоғалып кетсе, кез келген панажай қызметкері немесе ветеринар чипті сканерлеп, жануарларды есепке алудың бірыңғай мемлекеттік базасындағы (TANBA) деректерді тексеріп, иесінің байланыс деректерін тауып, үй жануарын бірден иесіне қайтара алады.

    2026 жылғы 28 тамыздан бастап Қазақстанда үй жануарларын есепке алудың жаңартылған қағидалары қолданылады. Иттер мен мысықтар үшін микрочип міндетті сәйкестендіру құралына айналды. Қалған үй жануарлары үшін иесі бұрынғыдай есепке алу тәсілін өз қалауы бойынша таңдай алады.

    «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатына жататын азаматтарға ғана тегін чип салу көзделген.

    Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына:

    - Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген ардагерлер;

    - І және ІІ топтардағы мүгедектігі бар адамдар;

    - мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

    - созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;

    - жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

    - жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

    - қандастар;

    - экологиялық зілзалалар, төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;

    - «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар;

    - көпбалалы отбасылар;

    - толық емес отбасылар жатады.

    Чип салу туралы мәліметтер TANBA бірыңғай дерекқорына енгізіледі. Тіркеуден кейін үй жануары туралы ақпарат eGov Mobile қосымшасындағы жануардың цифрлық паспортында көрсетіледі. Чипте қолдан жасауға немесе қайталауға болмайтын бірегей 15 таңбалы нөмір болады.

    Үй жануарларын тегін чип салу үшін иелері тұрғылықты жері бойынша ветеринариялық станцияларға жүгіне алады.

    Чиптің болуы жануарларға неғұрлым жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді және иесіз иттер мен мысықтар мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы" жаңалықтары