
Абай облысының Шуақ ауылында әйелдер колониясының қызметкерлері батылдық, шешімділік және жоғары азаматтық жауапкершілік танытып, көпқабатты тұрғын үйде болған өрт кезінде тұрғындарға көмек көрсетті.
Өрт тұрғын үйдің бірінші қабатындағы балконнан шыққан. Алдын ала мәлімет бойынша, өртке балконда сақталған тез тұтанатын заттар себеп болған. Көпқабатты үйде шамамен 80 адам тұрады. Олардың арасында әртүрлі жастағы балалар, оның ішінде жаңа туған нәрестелер де бар.
Жұмысқа бара жатқан жедел бөлімнің аға жедел уәкілі Дархан Советқанов пен бақылаушылар қызметі бөлімінің қарауыл бастығы Болатбек Букенов түтін мен ашық жалынды байқап қалған. Олар ойланбастан тұрғындарға көмекке ұмтылып, болған жағдай туралы үйде тұратын басқа да мекеме қызметкерлеріне дереу хабарлаған.
Қызметкерлер бірлесіп тұрғындарды эвакуациялауды ұйымдастырып, өрттің одан әрі таралуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдаған.
Өрт сөндіру қызметі келгенге дейін қызметкерлер өртті сөндіруге, жалынның таралуын болдырмауға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз күштерімен әрекет етті. Ең алдымен адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялап, әйелдер мен балалардың қауіпті аймақтан шығуына көмектесті. Сондай-ақ үйден газ баллондары мен жарылыс қаупін тудыруы мүмкін басқа да заттарды алып шықты. Бұдан бөлек, ғимараттан өрттің одан әрі таралуына себеп болуы мүмкін заттар шығарылды.
Қызметкерлердің жедел әрі сауатты әрекеттерінің арқасында өрттің одан әрі таралуына жол берілмей, өрт сөндіру қызметінің бөлімшелері келгенге дейін тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
«Менің екі балам бар — төрт жастағы ұлым және үш жастағы қызым. Оқиға болған кезде жолдасым жұмыста еді. Пәтерге түтіннің иісі келгенде, ең алдымен балаларымның қауіпсіздігін ойладым. Біз үшінші қабатта тұрамыз, сондықтан тез арада жиналып, үйден шығу оңай болған жоқ. Балаларыммен бірге тұрғанымды көрген мекеме қызметкерлері бірден көмекке келіп, қажетті заттарымызды жинауға көмектесті және бізді үйден қауіпсіз жерге шығарды. Олардың қолдауы мен жанашырлығының арқасында қауіпті жерден тез шыға алдық. Бүкіл отбасымыздың атынан батылдығы, жанашырлығы және дер кезінде көрсеткен көмегі үшін үлкен алғысымды білдіремін», — деді үй тұрғыны Индира Турбаева.
«Қызметкерлеріміз қиын жағдайда жеделдік пен іс-қимылдың үйлесімділігін көрсетті. Олар абдырап қалмай, жағдайға дер кезінде әрекет етіп, ең алдымен тұрғындарды эвакуациялауға басымдық берді. Олардың шешімді әрекеттерінің арқасында болуы мүмкін ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік туды. Мұндай әрекеттер қызметкерлердің жоғары тәртібін, азаматтық борышын сезінетінін және кез келген жағдайда тұрғындарға көмек көрсетуге дайын екенін көрсетеді», — деп атап өтті мекеме бастығы Уалихан Жұмашев.









