
«Ертіс: достық өзені - даму өзені» II халықаралық форумының пленарлық отырысынан кейін қатысушылар бағдарламаны өзен экспедициясы форматында жалғастырды. Делегациялар теплоходпен өзен вокзалынан Павлодар өзен портына дейін барды. Бағыт бойында оларға орталық жағалау және жаңа көпірдің құрылысы таныстырылды.
Павлодардың орталық жағалауы 6 шақырымнан астам аумаққа созылып жатыр және ол Қазақстандағы ең ұзын әрі абаттандырылған жағалаулардың бірі саналады. Мұнда жағажайлар, айлақтар, бақылау алаңдары, демалыс орындары және балалар бассейні орналасқан.
2026 жылы ErtisPromenade қаланың негізгі концерттік алаңдарының біріне айналды. Жазғы маусымда мұнда 300-ден астам мәдени, музыкалық және ойын-сауық іс-шарасы өтті. Сахнада Қазақстанның және шетелдің танымал өнерпаздары - Роза Рымбаева, Raim, Sadraddin, «Ирина Кайратовна», JaySean, Burito, Fly Project, Светлана Лобода және басқа да өнер иелері өнер көрсетті.
Сондай-ақ форум қатысушыларына Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы таныстырылды. 1962 жылы салынған қолданыстағы автокөлік көпірі «Қызылорда-Павлодар-Успен-РФ шекарасы» республикалық автокөлік жолының бойында орналасқан және жүк көтерімділігі мен өткізу қабілетіне қойылатын талаптарға сәйкес келмейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2024 жылдан бері Ертіс арқылы өтетін жаңа экстрадозды көпірдің құрылысы жүргізілуде. Бұл - Қазақстандағы осындай үлгідегі жалғыз нысан. Жобаның құны 71,4 млрд теңгені құрайды. Көпір төрт жолақты қозғалысқа есептелген. Нысанның дайындығы 80% құрайды. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Форум аясындағы маңызды шаралардың бірі - Ертіс өзенін балықтандыруға бағытталған экологиялық акция. Іс-шараға форум делегаттары қатысып, өзенге 1000 бекіре шабағын жіберді.
Павлодар облысында өзенге балық жіберу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. 2025 жылы Ертіске 88 мың дана бір жылдық бекіре жіберілсе, 2026 жылы ірілеу салмақтағы тағы 5 мың балық жіберу жоспарланып отыр.
Өзен экспедициясы форумның тәжірибелік жалғасына айналып, Қазақстан мен Ресей өңірлерін байланыстыратын аса маңызды табиғи, көлік және экологиялық артерия ретінде Ертіс өзенінің маңызын көрсетті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев








