
Білім басқармасының басшысы Әйгерім Қошанова Көкшетау қаласындағы бірқатар облыстық білім беру ұйымдарына барып, оқушылардың білім алу және тұру жағдайларымен, сондай-ақ білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстардың барысымен танысты.
Абай атындағы облыстық мектепте басқарма басшысы асхананың құрылысы барысын көріп, мектеп-интернаттағы жағдаймен танысты. Оқушылардың тұруына жасалған жағдайға ерекше назар аударылды. Кездесу барысында Әйгерім Қошанова оқушылармен және олардың ата-аналарымен әңгімелесті. Ата-аналар мектеп-интернаттағы білім беру үдерісінің ұйымдастырылуы мен балалардың тұру жағдайына оң бағаларын берді.
Сондай-ақ басқарма басшысы №4 арнайы мектеп-интернатына барып, оқу-тәрбие жұмысының ұйымдастырылуымен танысты. Қазіргі таңда білім беру ұйымында 207 оқушы білім алуда. Оның ішінде 40 оқушы басқа елді мекендерден келген және мектеп-интернатта тұрады.
Басқарма басшысы білім беру ұйымындағы әрбір кеңістікті тиімді әрі мақсатты пайдаланып, оны баланың дамуына қолайлы орта қалыптастыруға бағыттаудың маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек, басқарма басшысы «Білім-инновация» лицейінің жұмысымен танысты. Қазіргі таңда лицейде 354 оқушы білім алуда. 2025–2026 оқу жылынан бастап лицейде ұлдар мен қыздардың бірлесіп білім алуы ұйымдастырылды. Жаңа ғимаратта оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға және оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті жағдайлар жасалған.
Іс-шара қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының басшыларына оқушылардың білім алуы мен тұру жағдайларын одан әрі жетілдіруге, білім беру ортасының сапасын одан әрі арттыруға және балалардың жан-жақты дамуына қолайлы мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған ұсынымдар берілді.






