
Шығыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының 2026 жылғы 25 қыркүйекте өткен отырысындаа «Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы» ММ 2025 жыл бойынша шоғырландырылған қаржылық есептілігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы қаралды.
Мемлекеттік аудитпен 4 нысан қамтылды, тексерілген қаражат пен активтердің жалпы сомасы 700 млн теңгеден асты.
Аудит барысында қаржылық есептіліктің 11,4 млн теңге сомаға бұрмаланғаны, бюджет қаражатын пайдалану кезіндегі және бюджетке түсетін түсімдер бойынша қаржылық бұзушылықтар, сондай-ақ сомасы 72,0 млн теңгенің бюджет қаражаты мен активтері тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Сонымен қатар, 27 рәсімдік бұзушылық пен 1 жүйелік кемшілік анықталды.
Негізгі проблемалық мәселелердің ішінде жекелеген лауазымды адамдардың бекітілген жұмыс учаскелерінде функционалдық міндеттерін тиісінше орындамағаны, бюджет қаражатын жоспарлау негізділігінің жеткіліксіздігі және жекелеген басқарушылық шешімдердің жеткілікті пысықталмағаны атап көрсетілді.
Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша ескертпемен пікір білдірілді. Ескертпемен пікір білдіруге негіз болған мән-жайлардың әсерін қоспағанда, 2025 жыл бойынша шоғырландырылған қаржылық есептілік барлық елеулі қатынастардағы қаржылық жағдайды, қаржы-шаруашылық қызметтің нәтижелерін және ақша қаражатының қозғалысын анық көрсетеді.
Мұндай пікірге қаржылық есептіліктің жекелеген көрсеткіштерінің бұрмалануы, сондай-ақ оларды бас жиынтыққа экстраполяциялау нәтижелері негіз болды. Бұл ретте анықталған бұрмалаушылықтар бәрін қамтитын сипатта емес, алайда аудиторлық пікірді қалыптастыру үшін маңызды болып табылады.
Анықталған әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бойынша 4 материал уәкілетті органдарға жіберілді, оның нәтижелері бойынша екі лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы төрт хаттама толтырылды, әкімшілік айыппұлдар қысқартылған тәртіпте төленді.
Тексеру комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша аудиторлық қорытынды бекітіліп, аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтар мен олардың туындауына ықпал еткен себептерді жою, сондай-ақ қаржылық тәртіпті және бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтерді басқару сапасын арттыру жөніндегі нұсқамалар жіберілді.







