
21 қыркүйекте қалалық мәслихаттың экономика, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиында қала бюджетін нақтылау мәселесі қаралды.
Атап айтқанда, «2026–2028 жылдарға арналған Ақтөбе қаласының бюджетін бекіту туралы» қалалық мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Жиын барысында кейбір жобалардың шығыстары қысқартылып, босаған қаражат өзге маңызды салаларға қайта бөлінетіні атап өтілді. Атап айтқанда, бұл қаржының негізгі бөлігі инженерлік инфрақұрылымды дамытуға — су құбыры желілері мен кәріз коллекторларын реконструкциялауға, сондай-ақ жолаушылар тасымалын субсидиялауға бағытталады.
Отырыс барысында модернизациялау бойынша («100 аула») жобасы да сөз болды. Бұл бағыттағы жұмыстардың көп бөлігі қазірдің өзінде аяқталып қалғаны, ал түпкілікті аяқталуы келесі мерзімге жоспарланғаны атап өтілді. Жалпы алғанда, комиссия отырысында қолдау тапқан бұл ұсыныстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуге және қаланың инженерлік жүйелерін одан әрі жетілдіруге бағытталған.







