
Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Саят Сыздықов Көкшетау қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатқа барып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алу жағдайымен танысты. Сонымен қатар арнайы білім беру қызметтеріне деген қажеттіліктің қазіргі жай-күйін зерделеді.
Депутат Алтын Мұстафинова облыстық мәслихаттың жуырдағы кезектен тыс сессиясында көтерген мәселе осы сапарға себеп болды. Депутат инклюзивті білім берудің қолжетімділігі мен сапасы, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қажетті жағдай жасау мәселелерін түрлі алаңдарда тұрақты түрде көтеріп келеді. Әлеуметтік нысандарды «кілтпен» салу жоспарын талқылау барысында ол облыс орталығында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған тағы бір мектеп-интернат салу қажеттігіне назар аударды. Бұл бастаманы депутаттар бірауыздан қолдады.
Депутат Алтын Мұстафинова инклюзивті білім беру мәселесін жақсы біледі. Ол бірнеше жылдан бері 1990 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан №4 арнайы мектеп-интернатты басқарып келеді. Бүгінде білім беру ұйымында есту қабілеті бұзылған, сөйлеу қабілетінің ауыр бұзылыстары және психикалық дамуы тежелген балаларға білім беру, тәрбиелеу және түзете-дамыту көмегі көрсетіледі.
Мектеп-интернатта 200-ден астам бала білім алады. Оқу процесі психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиялардың жеке ұсынымдарын ескере отырып, бейімделген бағдарламалар негізінде ұйымдастырылған.
2024 жылғы желтоқсанда мұнда жалпы ауданы 3 мың шаршы метр құрайтын, 80 орынға арналған жаңа қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Жаңа корпуста заманауи оқу және арнайы кабинеттер, сенсорлық бөлмелер, Монтессори кабинеті, шеберханалар, спорт және акт залдары, түзету ырғағы залы жабдықталған. Мұнда логопедтер, дефектологтар, психологтар және сурдопедагогтар жұмыс істейді. Мектепте барлығы 78 қызметкер еңбек етеді, олардың 40-тан астамы педагогикалық біліктілік санаттарына ие.
Материалдық-техникалық базаның кеңейтілуіне қарамастан, орын тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
«Жүйелі түрде ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесінде балалардың дамуында оң динамика байқалады. Мұны ата-аналар да атап өтуде. Сонымен қатар арнайы білім беру қызметтеріне деген қажеттілік жыл сайын артып келеді. Қазірдің өзінде біздің мектепте білім алуға ниетті балалардың кезегі қалыптасты», – деді мектеп-интернат директоры Алтын Сексембайқызы.
Білім басқармасының мәліметінше, Ақмола облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 14 мыңнан астам бала тұрады. Өңір мектептерінде инклюзияны қолдау бойынша 146 кабинет жұмыс істейді. 2026 жылғы қазан айында тағы 12 кабинет ашылмақ. Көкшетау қаласында аутизмі бар балаларды қолдау орталығы да жұмыс істейді.
Депутаттардың пікірінше, арнайы білім беру қызметтеріне мұқтаж балалар санының артуына байланысты білім алу мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, кешенді қолдау жүйесін - түзету, оңалту, әлеуметтік бейімдеу және балаларды дербес өмірге дайындау бағыттарын дамыту маңызды.
«Әр бала білім алуға тең мүмкіндікке ие болуы тиіс. Сондықтан тұрақты комиссия бұл мәселені жан-жақты зерделеп, білім алуға мұқтаж барлық балаға қажетті жағдай жасау үшін тиісті шараларды қабылдауға күш салады», – деп атап өтті тұрақты комиссияның төрағасы Саят Сыздықов.






