ҚазжолҒЗИ Қытайдың RIOH институтымен бірлесіп жол технологиялары саласындағы зерттеулерді кеңейтеді

    ҚазжолҒЗИ Қытайдың RIOH институтымен бірлесіп жол технологиялары саласындағы зерттеулерді кеңейтеді

    Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің тапсырмасы бойынша ҚазжолҒЗИ делегациясы Қытайғаіс-сапары аясында, ҚХР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары ғылыми-зерттеу институтымен (RIOH) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Тараптар жол конструкцияларын сынау, жасанды интеллектіні қолдану, «ақылды» жолдарды дамыту және мамандар даярлау мәселелерін талқылады.

    Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі жол төсемдерін есептеу әдістемелерін тексеру үшін Қытайдағы RIOHTRACK толық ауқымды айналма сынақ трассасын пайдалану мүмкіндігі болды. Мұндай сынақтар есептік көрсеткіштерді нақты жүктеме жағдайында алынған нәтижелермен салыстырып, деректерді ҚазжолҒЗИ-дің зерттеулерінде қолдануға мүмкіндік береді.

    Тараптар жаңа жол материалдары мен технологияларын қолдану бағытында бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндігін де пысықтауға келісті. Жол инфрақұрылымындағы ақауларды анықтауда жасанды интеллектіні пайдалану тәжірибесімен алмасуға, зияткерлік көлік жүйелерін, «ақылды» жолдарды және басқарудың цифрлық платформаларын дамытуға ерекше назар аударылды.

    Ынтымақтастық бағыттарына логистикалық тізбектерді ұйымдастыру және жүк ағындарын басқару жөніндегі Қытай тәжірибесін зерделеу, сондай-ақ қазақстандық мамандарды RIOH базасында оқыту және олардың біліктілігін арттыру кірді. Бұдан бөлек, институттар ғылыми-зерттеу консорциумын құру және халықаралық стандарттарды, оның ішінде ISO шеңберінде әзірлеу бойынша бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырады.

    Сапар барысында ҚазжолҒЗИ делегациясы RIOH-тың зерттеу инфрақұрылымымен, соның ішінде аумағы шамамен 247 гектарды құрайтын сынақ кешенімен, зертханаларымен және деректерді жинау мен талдау жүйелерімен танысты. Қытай институтының құрылымында бес ұлттық және 15 салалық ғылыми-инновациялық платформа бар.

    Қол қойылған меморандум сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітіп, бірлескен жобаларды дайындаудың негізін қалайды. Келесі қадам — зерттеу тақырыптарын, сынақтарды өткізу форматын және олардың нәтижелерін Қазақстанның жол саласында қолдану мүмкіндіктерін айқындау.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі" жаңалықтары