
Гараж есірткі сақтайтын орынға айналған: Риддерде 6 келіге жуық марихуана тәркіленді
Риддер қаласында полицейлер жергілікті тұрғынның гаражынан төрт қарасора түбін және шамамен 6 келі кептірілген марихуана тапты. Есірткі заттары облыс прокуратурасының үйлестіруімен «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды.
ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына гаражда есірткі құрамдас өсімдіктер мен жалпы есірткі заттары сақталуы мүмкін деген ақпарат түскен. Оны тексеру мақсатында Риддер қаласының полиция қызметкерлерімен бірлесіп шұғыл тінту жүргізілді.
Аталған жерді тінту барысында төрт түп қарасорадан бөлек, кептірілген өсімдік тектес зат және ішінде есірткі заттарының қалдығы бар ыдыс табылды.
Сараптама нәтижесінде тәркіленген өсімдіктер қарасора тұқымына жататыны анықталды. Ал кептірілген өсімдік тектес зат марихуана деп танылды. Оның жалпы салмағы 5,8 келіден асты. Сонымен қатар тәркіленген заттар құрамынан шамамен 15 грамм есірткі анықталды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті есірткі заттарын заңсыз өсіру және сақтау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Тіпті қарасораның бір түбін өсірудің өзі заң алдында жауап беруге негіз бола алады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі








