БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

    БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

    Жетісу облыстық мәслихатының депутаттары өңірдегі білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы мониторинг жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Жетісу облыстық мәслихаты төрағасының міндетін атқарушысы Римма Салықова мен облыстық мәслихат депутаты Бекет Бласов Қаратал ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды. Іссапардың негізгі мақсаты – бұған дейін комиссия отырысында ескертулер алған білім беру ұйымдарына берілген тапсырмалардың сапалы әрі толық орындалуын бақылау.

    Сонымен қатар, мониторинг нәтижелері көрсеткендей, ескерту алған білім беру ұйымдарының басым бөлігі осы уақытқа дейін берілген тапсырмаларды орындамаған. Тексеріс кезінде «Оян» орта мектебінде 1.16.1 «Жасанды жол кедергісі» және 1.21 «Балалар» ескерту жол белгілері ауыстырылмағаны белгілі болды. Осындай олқылық Бастөбе сервистік-технологиялық колледжінде де қайталанып, 3.24 «Ең жоғары жылдамдықты 40 км/сағ-қа шектеу» тыйым салу жол белгісі қайта орнатылмай қалған. Сонымен қатар «Балбөбек» балабақшасында 5.15 «Тұрақ орны» және 7.17 «Мүгедектер» қосымша ақпарат белгілерін жаңарту талабы ескерусіз қалса, Пушкин атындағы орта мектепте де 1.21 «Балалар» ескерту жол белгісі ауыстырылмаған.

    Тізімдегі мекемелердің ішінде тек №25 балабақша ұжымы берілген тапсырмаға жауапкершілікпен қараған. Кезекті тексеріс кезінде бұл балабақша аумағындағы жол белгілерінің көрінуіне кедергі келтірген ағаш бұтақтары толықтай кесіліп, талапқа сай ретке келтірілгені анықталды.

    Мониторинг қорытындысы бойынша халық қалаулылары тиісті мекеме басшыларына анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Жауапты тұлғаларға нақты орындау мерзімдері белгіленіп, аталған мәселе облыстық мәслихат депутаттарының тұрақты бақылауында болатыны айтылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облыстық мәслихатының аппараты" жаңалықтары