
«Кибермәдениет айы» аясында қаладағы білім беру ұйымдарында кибергигиена мен ақпараттық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған кездесулер одан әрі жалғасуда. Бүгін №90 мектеп-гимназиясында «Кибергигиена және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндірме» іс-шарасы өтті.
Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының ұйытқы болуымен өткен жиынның негізгі мақсаты – азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, киберқауіптердің алдын алу және күнделікті өмірде ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша қажетті білім мен дағдыларды қалыптастыру.
Іс-шара барысында Шымкент қаласы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Бақытжан Бекбаев дербес деректерді қорғау, күмәнді сілтемелер мен файлдарды ашпау, күрделі құпиясөздерді пайдалану, аккаунттарды қорғау және цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын көпшілікке түсіндіріп берді. Қалалық цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаев кибермәдениет ең алдымен адамның өзінен басталатынын, түрлі күмәнді ұсыныстардан бас тарту қажет екенін атап өтті.
Мектептің 11-сынып оқушысы Мөлдір Ғалымжанқызы интернет алаяқтарының теріс әрекеттері жиілегенін, мұндайда күмәнді сілтемелерді баспай, сақ жүру қажет екенін айтады.
Сонымен қатар, №89 мектеп-лицейінде ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндірме іс-шарасы өткізілді. Б.Бекбаев пен Е.Қырғызбаев қатысушыларға интернет желісінде жиі кездесетін киберқауіптердің түрлері және олардан қорғану жолдарын ұғындырды.
«Кибермәдениет айы» – азаматтардың киберқауіпсіздік бойынша сауаттылығын арттыруға, интернеттегі қауіптердің алдын алуға және қауіпсіз цифрлық мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қамтиды. Бұл жұмыстар қыркүйек айы бойы жалғасады.








