
«Ардагерлер саябағын» қайта жаңарту жұмыстарының сапасына алаңдаған тұрғын облыстық мәслихат депутатына өтініш білдірді. Өтініште, атап айтқанда, саябақта ұзақ жылдар бойы суарусыз өсіп тұрған ағаштарға автоматты суару жүйесін орнатудың қажеттілігіне қатысты мәселе көтерілген.
Тұрғынның өтініші негізінде нысанға арнайы мониторинг ұйымдастырылды. Аумақты облыстық мәслихат депутаттары Руслан Валишанов пен Ермек Егінбаев, қалалық мәслихат депутаты Шалқар Оразбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Алмас Барлыбеков және мердігер «Темірқазық» ЖШС өкілдері аралады. Аралау барысында өтініш білдірген азаматтың өзі де қатысып, сауалдарын жауапты тұлғаларға тікелей қойды.
Автоматты суару жүйесіне қатысты сауалға ТҮКШ бөлімінің басшысы А. Барлыбеков түсініктеме берді. Оның айтуынша, саябақтың жалпы аумағы 12 гектар болғанымен, автоматты суару жүйесі барлық аумаққа емес, тек кіреберіс бөліктегі 2 гектар жерге орнатылады. Бұл аумақта гүлзарлар мен жаңадан отырғызылатын көшеттерді күтіп-ұстау көзделген. Ал су қорын қамтамасыз ету үшін сыйымдылығы 100 текше метрлік су қоймасы орнатылуда.
Қазіргі таңда жалпы құны 200 млн теңге болатын жобаның 70 пайызы орындалған. Келісімшартқа сәйкес, қайта жаңарту жұмыстарын қараша айында толық аяқтау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ нысанды аралау кезінде халық қалаулылары тарапынан бірқатар сын-ескертпелер мен ұсыныстар айтылды. Депутаттар саябақтағы шіріген әрі қурап қалған ағаш бұтақтарын кесіп, санитарлық тазалау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Одан бөлек, инженерлік желілерді жүргізу барысында қазылған орлардың сапасына да ескерту жасалды.
Жиын қорытындысы бойынша, өтініш жолдаған азаматқа саябақты қайта жаңарту жұмыстарының барысы мен техникалық сипаттамалары толықтай түсіндірілді. Жобаның сапалы әрі мерзімінде аяқталуы жергілікті мәслихат депутаттарының тұрақты бақылауында болады.









