
Жетісу облысында «Мемлекеттік тіл және тілдік тұлғаны қалыптастыру моделі: тарих, инновация, әдістеме» атты тақырыпта республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.
Конференцияға еліміздің өңірлеріндегі тілдерді оқыту орталықтарының басшылары, әдіскерлері мен оқытушылары, Жетісу облысы Білім басқармасының Әдістемелік орталығы қызметкерлері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, тіл саласының мамандары, тәжірибелі әдіскерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тартылды.
Конференция барысында мемлекеттік тілдің дамуы, тілдік тұлғаны қалыптастыру және тіл үйрету әдістемесін жетілдіру мәселелері қаралды.
Конференцияда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Қымбат Берікұлы Слямбеков, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің кафедра меңгерушісі Айна Маратқызы Рахимова, Қарағанды облысы тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Ақмашқызы Игенова және Жетісу облысы Ескелді аудандық филиалының меңгерушісі Әйгерім Болатбекқызы Молдабаева баяндама жасады.
Конференция жұмысы үш секция бойынша жалғастырылды, оның барысында қатысушылар ғылыми баяндамалар ұсынды, пікір алмасты және тіл үйрету бағытындағы озық тәжірибемен бөлісті.
Конференция қорытындысы бойынша үздік ғылыми баяндамалардың авторлары дәрежелі дипломдармен, ал қатысушылар сертификаттармен марапатталды.
Конференцияны қорытындылай келе, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Хамитұлы Жолдыбаев ғалымдар мен тіл саласының мамандарына, сондай-ақ конференцияға қатысқан барлық мамандарға алғыс білдірді.
Республикалық ғылыми-практикалық конференция мемлекеттік тілдің дамуы, тілдік тұлғаны қалыптастыру және тіл үйрету әдістемесін жетілдіру мәселелері бойынша ғылыми ой мен озық тәжірибе алмасуға арналған кәсіби алаң болды.









