
Астана, 2026жылғы7қазан - Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтеді.
Халықаралық диалог алаңы ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм, даосизм, синтоизм және бахаи діндерінің лидерлері мен өкілдерін, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшыларын, мемлекеттік органдардың өкілдері мен 20 елден келген жетекші сарапшыларды біріктіреді.
Отырыс күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі екі халықаралық құжатты – «Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексін» және «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» құжатын қарау және қабылдау болмақ.
Аталған құжаттарды әзірлеу бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінде көтеріп, ол Съезд қатысушылары тарапынан қолдау тапты.
Күн тәртібінің жеке тармағы ретінде Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары туралы хартия таныстырылады. Құжатта баланың қадір-қасиетін қорғау және оған ізгі қарым-қатынасты қамтамасыз ету, қажетті медициналық және психологиялық көмек алу құқығы, сондай-ақ қалауы бойынша оның діни және рухани қажеттіліктерін ескеретін қолдау көрсету мәселелеріне ерекше мән беріледі.
БАҚ өкілдерін аккредиттеу
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысын ақпараттық тұрғыдан жариялауға мүдделі қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін аккредиттеуден өте алады.
Аккредиттеу үшін: [email protected]
Күні: 2026 жылғы 7 қазан
Өтетін орны: Бейбітшілік және келісім сарайының баспасөз орталығы, Тәуелсіздік даңғылы, 57, Астана
Басталуы: сағат 10:00








