
Елордада полиция қызметкерлері қала прокуратурасымен бірлесіп, №1 автопарк қызметкерлерімен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға және азаматтардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуынан қорғауға бағытталған профилактикалық кездесу өткізді.
Қоғамдық көлік жүргізушілері күн сайын қаланың әртүрлі аудандарында жүріп, көптеген адамдармен байланыста болады және қалалық ортаның ерекшеліктерін жақсы біледі. Сондықтан олардың қырағылығы мен белсенді азаматтық ұстанымы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жүргізушілерді бейжай қалмай, есірткінің таралуына немесе жастардың құқыққа қайшы әрекетке тартылуына қатысты күдік тудыратын өздеріне белгілі фактілер туралы хабарлауға шақырды.
Кездесу барысында жастардың есірткі қаупінен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жүргізушілердің басым бөлігі – ата-ана. Осыған байланысты полицейлер балалардың мінез-құлқы мен араласатын ортасына, көңіл-күйі мен қызығушылықтарындағы өзгерістерге көбірек көңіл бөлуге, ең бастысы, олармен қалыптасып отырған қауіптер туралы дер кезінде сөйлесуге шақырды.
Мұндай кездесулер қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруда және жастардың есірткі құқық бұзушылықтарына тартылуының алдын алуда құқық қорғау органдары мен еңбек ұжымдарының күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді.









