
Астанада мас күйінде көлік басқарған жүргізуші қайта ұсталды
Астана қаласында полиция қызметкерлері Абылай хан мен Жансүгіров көшелерінің қиылысында «Kia Rio» автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің мас күйінде екені сот-медициналық сараптама қорытындысымен анықталды.
Аталған азаматтың бұрын да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы 2-бөлігі бойынша сотталғаны белгілі болды. Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта бас бостандығын шектеу жазасын өтеп жүрген.
Осыған байланысты оған қатысты Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Ал автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.









