
Бүгін Түркістан төрінде ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған тағылымды мәдени шара өтті.
Тобыл-Торғай өңірінен арнайы келген Арқалық қазақ жасөспірімдер театры Түркістан музыкалық драма театрында Арқалық қаласының 70 жылдығы мен Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Арқалықтың ақ таңы» театрландырылған қойылымын көрермен назарына ұсынды.
Қойылымды Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Арқалық қаласынан келген арнайы делегация, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары тамашалады.
«Арқалықтың ақ таңы» – Арқалық өңірінің тарихын, елдік мұратын және ұлттық құндылықтарды арқау еткен тағылымды туынды. Қойылымда Өзбекәлі Жәнібековтің ел тарихы мен ұлттық мәдениетті сақтау, жаңғырту және ұрпақ санасына сіңіру жолындағы ерен еңбегі кеңінен көрініс тапты.
Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық мұраны ұлықтау жолындағы өнегелі ғұмыры – кейінгі ұрпаққа үлгі. Тұлғаның тағылымды жолын өнер арқылы дәріптеу – тарихи жадымызды жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудың маңызды көрінісі.
Мәдени шара Түркістан мен Арқалық арасындағы рухани-мәдени байланысты нығайтып, қос өңірдің ортақ тарихи құндылықтарын дәріптеуге мүмкіндік берді.









