Стационарлық жағдайларда шұғыл нысанда медициналық көмек: 1) өз бетінше жүгінген кезде; 2) пациентті: жедел медициналық жәрдем станциясының және (немесе) МСАК ұйымының жедел медициналық жәрдем бөлімшесінің бригадалары, медициналық авиацияның мобильді бригадасы жеткізген кезде; пациенттерді азаматтық қорғау саласындағы органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және (немесе) азаматтары жеткізген жағдайларда көрсетіледі. Стационардың қабылдау бөлімшесінде шұғыл келіп түскен пациенттерді медициналық сұрыптау жүзеге асырылады. Сұрыптау аяқталғаннан кейін бірінші топтағы пациенттерге (қызыл аймақ) шұғыл медициналық көмек қабылдау бөлімшесінің палатасында және (немесе) қарқынды терапия блогында, операциялық бөлмеде шұғыл операциялық араласуды талап ететін жағдайларда көрсетіледі. Жай-күйі және (немесе) операциясы тұрақтағаннан кейін пациент денсаулық сақтау ұйымының бейінді бөлімшесіне және (немесе) анестезиология, реаниматология және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылады. Екінші топтағы пациенттер (сары аймақ) медицина жұмыскерінің алып жүруімен диагностикалық палатаға жатқызылады. Динамикалық байқау үшін көрсетілімдері бойынша пациент диагностикалық палатада 24 сағатқа дейін болады. Пациенттерге қажетті емдеу-диагностикалық іс-шаралардың толық көлемі ("бір күндік" терапия және хирургия) жүргізіледі. Диагноз қойылғаннан кейін пациент көрсетілімдері бойынша одан әрі емдеу үшін бейінді бөлімшеге және (немесе) басқа стационарға ауыстырылады. Емдеуге жатқызуға көрсетілімдер болмаған кезде пациентке шұғыл емдеуге жатқызудан бас тарту туралы анықтама (бұдан әрі – бас тарту туралы анықтама) беріледі.Үшінші топтағы пациенттер (жасыл аймақ) жай-күйлері өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірмейді және емдеуге жатқызуды талап етпейді олар қабылдау бөлімшесінің қарап-тексеру кабинетіне жіберіледі. Қарап-тексеру кабинетінде диагноз қойылғанға дейін емдеу-диагностикалық іс-шаралардың қажетті көлемі жүргізіледі. Қабылдау бөлімшесінің дәрігері және (немесе) кезекші дәрігер пациентке емдеуге жатқызудан бас тарту туралы анықтама береді.