Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 92-бабына сәйкес жұмыстың бірінші және кейінгі жылдары үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.
Жұмыс жылы қызметкер жұмысының бірінші күнінен бастап есептелетін күнтізбелік он екі айды құрайды. Демалыс бөліктерге бөлінуі мүмкін, бұл ретте бөліктердің бірі кемінде күнтізбелік он төрт күн болуы тиіс.
Демалысқа ақы төлеу ол басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Демалысты беру, демалыстан ауыстыру немесе кері қайтарып алу жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 93-бабына сәйкес демалыстарды беру кезектілігі жұмыс берушінің қызметкерлердің пікірін ескере отырып бекітетін демалыс кестесіне сәйкес жыл сайын айқындалады
Өндірістік қажеттілік бойынша демалыс кестесі өзгерген кезде жұмыс беруші қызметкерді демалыс басталғанға дейін кемінде екі апта бұрын хабардар етуге міндетті.
Пайдаланылмаған ақылы жыл сайынғы еңбек демалысын не оның бір бөлігін екі жыл қатарынан бермеуге тыйым салынады.