ҮЕҰ дерекқорына мәліметтер ұсыну мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік гранттар шеңберінде әлеуметтік бағдарламалар мен әлеуметтік жобаларды іске асыру конкурсына қатысу, сондай-ақ ҮЕҰ үшін сыйақы алу үшін міндетті шарт болып табылады. ҮЕҰ дерекқорына мәліметтерді ұсынбағаны, уақтылы ұсынбағаны, дұрыс емес немесе көрінеу жалған мәліметтерді ұсынғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Қазақстан Республикасының "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Заңының 41-бабы 5-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдар, соның ішінде жеке мекеме, қоғамдық бірлестік, коммерциялық емес акционерлік қоғам, қоғамдық, корпоративтік және жеке қорлар, заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестіктері, сондай-ақ шетелдік және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктері (оқшауланған бөлімшелері) жыл сайын 31 наурызға дейін үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға өз қызметі туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптар құрылтайшысы немесе акционері мемлекет болып табылатын коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға, олармен байланысты еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес аффилиирленген ұйымдарға, сондай-ақ саяси партиялар, діни бірлестіктер мен кәсіптік одақтар түрінде құрылған қоғамдық бірлестіктерге және осы Заңның 17-бабында көзделген коммерциялық емес ұйымдарға қолданылмайды.