Кондоминиум объектісін басқару, оны күтіп-ұстауды қаржыландыру және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін бір көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының барлық меншік иелері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелері жасасатын бірлескен қызмет туралы шарт негізінде әрекет ететін қарапайым серіктестік құрылады.
Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері өздеріне осы Заңда көзделген шешімдерді бірлесіп қабылдау және міндеттерді орындау бойынша барлық міндеттемелерді қабылдайды.
Бірыңғай іргетаста орналасқан не Бірыңғай жалпыүйлік инженерлік жүйелері немесе көппәтерлі тұрғын үйдің және (немесе) үй жанындағы жер учаскесінің астындағы бірыңғай бөлінбейтін жер учаскесі бар көппәтерлі тұрғын үйлерде пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері әрбір көппәтерлі тұрғын үйдің пәтер, тұрғын емес үй-жайлар иелерінің көпшілігінің келісімімен бір қарапайым серіктестік құрады.