Егер экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттың сомасы Америка Құрама Штаттарының (бұдан әрі – АҚШ) 50 000 (елу мың) долларының баламасынан асатын болса, осындай шарт есептік тіркелуге жатады.
Егер экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шартта оны жасаған күні шарттың сомасы көрсетілмесе, онда осындай шарт есептік тіркеуге жататын шарт ретінде қаралады.
Егер экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт АҚШ долларынан өзгеше валютамен көрсетілсе және осындай шартта АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамына нұсқау көрсетілмесе, экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттың АҚШ долларымен көрсетілген сомасының баламасын айқындау үшін қайта есептеу валюталар айырбастаудың осындай шартқа қол қойылған күнгі (ол болмаған жағдайда – шарт күшіне енгізілген күнгі) ресми бағамы пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
Экспорт немесе импорт бойынша валюталық шарт мына жағдайларда:
1) экспорттаушының немесе импорттаушының банктік шотына қызмет көрсететін уәкілетті банкте (оның филиалында) – егер барлық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары экспорттаушының немесе импорттаушының уәкілетті банктегі (оның филиалындағы) шотын пайдалана отырып жүзеге асырылса;
2) экспорттаушының немесе импорттаушының банктік шотына қызмет көрсететін уәкілетті банкте (оның филиалында) – егер төлемдер және (немесе) ақша аударымдары уәкілетті банкте (оның филиалында), сол сияқты шетелдік банкте ашылған шоттарды пайдалана отырып жүзеге асырылса;
3) экспорттаушының немесе импорттаушының тұрақты тұрғылықты немесе тұрған жері бойынша Ұлттық Банктің аумақтық филиалында – егер барлық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заңның 9-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шетелдік банктегі экспорттаушының немесе импорттаушының шотын пайдалана отырып жасалса, есептік тіркеу жүзеге асырылады.