Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін жұмыскерлерге арнаулы әлеуметтік төлем енгізуді тапсырды.
Арнаулы әлеуметтік төлемдерді (бұдан әрі – АӘТ) енгізу еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдар үшін олар 55 жасқа толған және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу фактісі кемінде 7 жыл болған кезде көзделген.
АӘТ төрт қаржыландыру көзінен:
- ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшерінде республикалық бюджеттен;
- Үкіметтің қаулысымен бекітілген тәртіппен, қолда бар зейнетақы жинақтарын ескере отырып БЖЗҚ-дан;
- 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде өмірді сақтандыру компанияларынан;
- 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде жұмыс берушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады.
Төлемнің орташа мөлшері шамамен 208 мың теңгені құрайды. Жұмыскер оны зейнеткерлік жасқа толғанға дейін алады. Зейнетақы тағайындалғаннан кейін АӘТ төлеу тоқтатылады.
БЖЗҚ деректері бойынша, аталған параметрлерге сәйкес келетін азаматтар саны 2024 жылы – 37 097, 2025 жылы – 42 287, 2026 жылы – 47 182 адамды құрайды.