Жаңа реттеушілік саясатты енгізу аясында мемлекеттік бақылауды автоматтандыру, оның ішінде бақылауға жататын ЖООлардың тізімін жасақтау процесін автоматтандыру күшіне енді.
Яғни, енді бақылауға жататын ЖООлар тізімі адами фактордың қатысуынсыз, автоматты түрде анықталатын болады.
Бұл өз кезегінде бақылау органдарына тексеру мен жаза қолданудың орнына енді құқық бұзушылықтардың алдын алу мүмкіндігін береді.
Кәсіпкерлік кодексіне енгізілген жаңа нормаға сәйкес, егер тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесі болмаған кезде бақылауға жататын бақылау субьектілерінің саны олардың жалпы санының 5%-нан аспауға тиіс.
Ол үшін «Тексерулер субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесінде (ТСОБТ) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы бақылау субъектілерінің (объектілердің) тізімі қалыптастырылды.
Сондай-ақ, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігің Smart Data Ukimet (СДУ) платформасында тәуекелдерді бағалау дәрежесінің өлшемшарттарын автоматтандыру, мемлекеттік бақылауды жүргізудің бизнес-процесіне толық реинжиниринг жүргізілді, тексерулер кестесін/тізімін қалыптастырудан бастап бақылау іс-шаралары аяқталғанға дейін автоматтандыру алгоритмі жасалды.
Тәуекелдерді басқару жүйесін бағалау критерийлері көрсеткіштерінің тізбесі, есептер мен нысандарды қалыптастыруға арналған ақпараттық құралдар жасалды.
Енді, өлшемшарттар бойынша тәуекелдерді бағалау процесі бақылау есепті деректер мен автоматтандырылған ақпараттық жүйелер мониторингінің нәтижелері негізінде жүргізілетін болады.
Ал, ЖОО-лар білім беруді басқарудың ақпараттық жүйесінің, ресми сайтының, ақпараттық-білім беру порталының және кең жолақты әрі жоғары жылдамдықты интернеттің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін болады.
Сонымен қоса, ЖОО-ң өздерінің ақпараттық жүйелерін Министрліктің ақпараттық жүйесімен интеграциялануын және ондағы толтырылатын деректердің толық, нақты және уақтылы болуына баса назар аударатын болды.