Жекешелендіру объектілерін аукцион және тендер, жабық тендер, қор биржасындағы сауда-саттық, екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурс, тікелей атаулы сату, акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату нысанындағы сауда-саттықта сату тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 қаулысымен бекітілген Жекешелендіру объектілерін сату қағидаларымен реттеледі.
Сауда-саттықты өткізу туралы хабарлама мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында (gosreestr.kz) «Электрондық сауда алаңы» бөлімінде олар өткізілгенге дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын орналастырылады.
Сауда-саттықты өткізу туралы хабарлама мынадай мәліметтерді: сауда-саттықты өткізу күнін, орнын және уақытын; сауда-саттықтың түрін, нысанын және әдісін; жекешелендіру объектісі туралы мәліметтерді (акцияларды сату кезінде акциялар эмитентінің атауы және олар туралы мәліметтер, өткізілетін акциялардың саны көрсетіледі); сатуға қойылатын жекешелендіру объектілерінің бастапқы және ең төменгі (бағаны төмендетуге арналған аукционды өткізу кезінде) бағаларын; кепілдік жарнаның мөлшерін және оны аудару үшін банктік деректемелерді; өтінімдерді қабылдау орны мен мерзімдерін; сатушының және/немесе сауда-саттықты ұйымдастырушының және баланс ұстаушының телефондары мен орналасқан жері; сатушының шешімі бойынша қосымша ақпарат.
Жекешелендіру объектісін сату туралы хабарлама жарияланғаннан кейін сатушы мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы (gosreestr.kz) арқылы барлық ниет білдірушілердің жекешелендіру объектісі туралы ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Сауда-саттыққа қатысушыларды тіркеу хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және аукцион, тендер, жабық тендер басталғанға дейін екі сағат бұрын және екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурс басталғанға дейін жиырма төрт сағат бұрын аяқталады, ол аяқталғаннан кейін қатысушылар берілген өтінімді кері қайтара алмайды. Аукционға, тендерге және жабық тендерге қатысу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында (gosreestr.kz) алдын ала тіркелу қажет.