Спорт секцияларын өткізгені үшін дене шынықтыру мұғалімдеріне қосымша ақы қалай төленеді?
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы № 399 Заңында (бұдан әрі-заң) дене шынықтыру педагогтеріне негізгі жұмыс орны бойынша сабақтан тыс спорттық сабақтар өткізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы көзделген.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарында сабақтан тыс спорттық сабақтар аптасына 2 сағат, орта білім беру ұйымдарында аптасына 3 сағат, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында аптасына 4 сағат өткізіледі.
1-4 сыныптарда аптасына кемінде бір сағат шахмат бойынша сабақтан тыс сабақтар міндетті түрде ұйымдастырылуы тиіс.
Сабақтан тыс спорттық сабақтарға арналған топтың сандық құрамы – кемінде 12 адам.
Жоғарыда көрсетілген Заңды іске асыру үшін 2021 жылғы 4 наурызда "азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы"Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына өзгерістер енгізілді.
Сабақтан тыс спорттық сабақтар өткізгені үшін қосымша ақы "Мемлекеттік ұйымдар педагогтерінің жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығының (бұдан әрі-бұйрық) негізінде жүргізіледі.
Қазіргі уақытта "Мемлекеттік ұйымдар педагогтерінің жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрықтың жобасы әзірленді және мемлекеттік органдардың келісімінде тұр.
Бұл норма 2021 жылғы 1 қаңтарда енгізілді. Төлем сабақтарды өткізу фактісі бойынша жүргізілуі тиіс.