Алматыда иесіз жануарларды ұстау мәселесі қалай реттеледі?
Алматыда қараусыз және иесіз жануарлардың санын реттеу жұмыстары жүргізіледі. Негізгі мақсат – адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу, сондай-ақ жануарлардың адамдарға шабуыл жасау қаупін азайту.
Қараусыз және иесіз жануарларды ұстаумен Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының «Алматы ветеринариялық қызметі» ШЖҚ КМК айналысады. Жұмыс Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына және Алматы қаласында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
Ұсталған жануарлар уақытша ұстау пунктіне жеткізіліп, ветеринариялық тексеруден өтеді. Мамандар олардың денсаулық жағдайын бағалап, қажет болса диагностика, вакцинация және ұрықсыздандыру шараларын жүргізеді.
Ветеринариялық тексеру нәтижесінде қарсы көрсетілімдері анықталмаған және адамдарға қауіп төндірмейтін жануарлар жаңа иелеріне берілуі немесе заңнамада белгіленген тәртіппен бұрынғы мекендеу ортасына қайтарылуы мүмкін.
Жануарларды эвтаназиялау тек заңнамада көзделген жағдайда ғана жүзеге асырылады. Атап айтқанда, белгілі бір аурулар анықталған немесе жануар адамның не басқа жануарлардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген жағдайда мұндай шара қолданылуы мүмкін. Эвтаназия ізгілік қағидаттарын және белгіленген ветеринариялық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі.
Қараусыз және иесіз жануарларды ұстауға өтінімдер азаматтар мен ұйымдардан қабылданады. Алматы тұрғындары өтінім беру үшін «109» Бірыңғай байланыс орталығына, Алматы қаласы әкімдігінің «Open Almaty» қоғамдық қабылдауына немесе Алматы ветеринариялық қызметінің диспетчерлік қызметіне WhatsApp арқылы +7 708 595-64-04 нөміріне хабарласа алады.