Жол жөндеу жұмыстары кезінде көлік қозғалысы неге шектеледі?
Жол жөндеу жұмыстары кезінде көлік қозғалысын уақытша шектеу немесе жол учаскесін толық жабу – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жөндеу жұмыстарын сапалы орындауға бағытталған қажетті шара.
Жөндеу кезінде жол бойында жол-құрылыс машиналары, арнайы техника және жұмыс бригадалары жұмыс істейді. Жұмыс жүргізіліп жатқан аумақтың жанында көліктің жүруі жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырып, жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан жөндеу жүргізілетін учаскеге көлік құралдарының кіруі уақытша шектеледі немесе толық тоқтатылады.
Қозғалысты шектеу жөндеу технологиясын сақтау үшін де маңызды. Ескі жол жабындысын алу, жаңа асфальт төсеу, оны нығыздау және салқындату кезінде жол төсеміне қосымша салмақ түспеуге тиіс. Көлік қозғалысы белгіленген мерзімнен бұрын ашылған жағдайда жаңа жабын деформацияланып, жолтабан, жарықшақ, шөгу және басқа да ақаулар пайда болуы ықтимал. Бұл жолдың пайдалану мерзімін қысқартып, мерзімінен бұрын қайта жөндеу қажеттілігіне әкелуі мүмкін.
Жөндеу жұмыстары кезінде көлік қозғалысын уақытша шектеу немесе тоқтату мүмкіндігі Қазақстан Республикасының 2014 жылы 17 сәуірдегі №194-V «Жол жүрісі туралы» Заңында көзделген. Заң жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстары кезінде осындай шараларды енгізуге мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, егер көлік қозғалысын шектемей жөндеу жүргізу адамдарға қауіп төндірсе немесе жұмыс сапасына кері әсер етуі мүмкін болса, уәкілетті органдар көлік қозғалысының сызбасын уақытша өзгертуге құқылы.
Жол жөндеу жұмыстары автомобиль жолдары және жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес ұйымдастырылады. Жұмыс жүргізілетін аумақта уақытша жол белгілері, қоршаулар, ескерту құрылғылары және қозғалысты ұйымдастыруға қажетті өзге де құралдар орнатылады.
Көлік қозғалысын толық немесе ішінара шектеу туралы шешім әрбір жол учаскесі бойынша жеке қабылданады. Бұл ретте қозғалыс қарқындылығы, жол санаты, жөндеу жұмыстарының түрі мен көлемі және техникалық мүмкіндіктер ескеріледі.Мүмкіндік болған жағдайда жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, жолақтардың бір бөлігі көлік қозғалысы үшін ашық қалады. Ал мұндай тәсіл қауіпсіздік талаптарын сақтауға немесе жұмыстарды сапалы орындауға мүмкіндік бермесе, жол учаскесі уақытша толық жабылады.
Тұрғындарға қолайсыздықты барынша азайту үшін айналып өту сызбалары алдын ала әзірленіп, уақытша жол белгілері орнатылады. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстарының мерзімі туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары, ресми интернет-ресурстар және мемлекеттік органдардың әлеуметтік желілердегі парақшаларында алдын ала жарияланады.