Жиі қойылатын сұрақтар
- Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтіліне қандай кезеңдер есептеледі? Оқу кезеңі есепке алына ма?
Жауап: Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 208-бабында көзделген кезеңдер есепке алынады. Атап айтқанда, еңбек шарттары бойынша жұмыс істеген кезеңдер, әскери және мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік және табыс әкелетін өзге де қызмет, күтім жасаудың жекелеген кезеңдері және заңнамада көзделген басқа да кезеңдер есепке алынады.
Оның ішінде заңнамада белгіленген жағдайларда және шектерде жоғары оқу орындарында, орта арнаулы оқу орындарында, училищелерде, кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарында, аспирантурада, докторантурада, клиникалық ординатурада, сондай-ақ діни (конфессиялық) білім беру ұйымдарында оқу кезеңі еңбек өтіліне есептеледі.
Бұл ретте жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге есептеледі.
Нормативтік база: Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 208 және 209-баптары.
- Еңбек кітапшасында жұмыс істеген кезең туралы жазба болмаса немесе жазбада қате болса, не істеу керек?
Жауап: Еңбек кітапшасы еңбек қызметін растайтын құжаттардың бірі болып табылады. Жұмыс беруші еңбек кітапшасы болған кезде оған ұйымдағы еңбек қызметі туралы тиісті жазбаларды енгізуге міндетті.
Егер еңбек кітапшасы болмаса, тиісті жазба енгізілмесе не жазбада түзетулер, дәлсіздіктер немесе алшақтықтар болса, еңбек өтілі жұмыс орнынан берілген анықтамалармен, архивтік құжаттармен немесе заңнамада көзделген басқа да құжаттармен расталуы мүмкін. Қажет болған жағдайда еңбек қызметінің фактісі сот шешімімен белгіленуі мүмкін.
Нормативтік база: Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 209-бабы; Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабы.
- Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға арнайы әлеуметтік төлем кімдерге тағайындалады?
Жауап: Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін, 55 жасқа толған және олар үшін жиынтығында кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген адамдардың арнайы әлеуметтік төлем алуға құқығы бар.
Арнайы әлеуметтік төлем арнайы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны, зейнеталды аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін, жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемін қамтиды.
Нормативтік база: Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 195-1-бабы.
- Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақыны кімдер алуға құқылы және ол қандай мөлшерде төленеді?
Жауап: Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға беріледі. Сондай-ақ 18 жасқа толған, жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысанында білім алып жүрген балалар оқуын аяқтағанға дейін, бірақ 23 жасқа толғанға дейін отбасы құрамында есепке алынады.
Жәрдемақы ай сайын мынадай мөлшерде төленеді:
• төрт балаға — 16,03 АЕК;
• бес балаға — 20,04 АЕК;
• алты балаға — 24,05 АЕК;
• жеті балаға — 28,06 АЕК;
• сегіз және одан көп балаға — әр балаға 4 АЕК.
Жәрдемақы мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің өзгеруін ескере отырып төленеді.
Нормативтік база: Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 90 және 91-баптары.
- Мемлекеттік әлеуметтік мүгедектігі бойынша жәрдемақы қандай мөлшерде тағайындалады?
Жауап: Мемлекеттік әлеуметтік мүгедектігі бойынша жәрдемақы бюджет қаражаты есебінен ай сайын төленеді. Оның мөлшері алушының санаты мен мүгедектік тобына қарай айқындалады және ең төмен күнкөріс деңгейінің үлесі ретінде белгіленеді.
Жалпы аурудан, өндірістік жарақаттан немесе кәсіптік аурудан мүгедектігі бар адамдар үшін жәрдемақы мөлшері:
• I топ — 2,20 ең төмен күнкөріс деңгейі;
• II топ — 1,76 ең төмен күнкөріс деңгейі;
• III топ — 1,20 ең төмен күнкөріс деңгейі.
Мүгедектігі бар балалар мен бала кезінен мүгедектігі бар адамдар үшін жәрдемақы мөлшері Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 177-бабына сәйкес жеке белгіленеді.
Нормативтік база: Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 176 және 177-баптары.