Тарихи ескерткіштерді жөндеу немесе қайтажаңғырту керек болса, оны кез келген адам өз бетінше жасай ала ма? Жалпы, мұндай жұмыстарды жүргізудің қандай тәртібі бар?
Мемлекет қорғауына алынған тарих және мәдениет ескерткіштеріне реставрация немесе жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүргізуге болмайды. Мұндай жұмыстар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, жұмыстар «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңының 32-бабына және ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі №98 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүргізіледі.
Егер ескерткішке жөндеу қажет болса, алдымен орындалатын жұмыстардың көлемі мен құрамы ақаулы актімен анықталады. Ал ғылыми-реставрациялық жұмыстар арнайы әзірленген ғылыми-жобалау құжаттамасы негізінде жүргізілуі тиіс.
Сонымен қатар, реставрация жұмыстарын тиісті лицензиясы бар мамандандырылған ұйымдар немесе тұлғалар ғана жүзеге асыра алады. Жұмыстар бюджет қаражаты, инвестициялар немесе ескерткіштің меншік иесі мен пайдаланушысының өз қаражаты есебінен жүргізілуі мүмкін. Бірақ қандай қаржы көзі пайдаланылса да, жұмыс заң талаптарына сәйкес орындалуы керек.
Ең бастысы – тарихи ескерткіштің меншік иесі немесе пайдаланушысы, сонымен қатар бастамашы топтар ғимараттың, кесененің тарихи келбетіне өз бетінше өзгеріс енгізе алмайды. Яғни, қайта салу, құрылымын өзгерту, қосымша құрылыс жүргізу немесе тарихи сәулеттік ерекшеліктеріне әсер ететін жұмыстарды тиісті келісімдерсіз орындауға болмайды.
Сондықтан тарихи ескерткішке жөндеу немесе реставрация жасау жоспарланса, ең алдымен сала мамандарына немесе жергілікті атқарушы органдарға жүгініп, қажетті құжаттарды рәсімдеу қажет. Өйткені тарихи ескерткішті сақтау – заң талабы ғана емес, келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз.