
БҚО бойынша МКД жаңа Салық кодексін енгізуге байланысты салық салу мәселелері және бизнесті қолдау шаралары бойынша дөңгелек үстел өткізді
2026 жылғы 14 қазанда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Батыс Қазақстан облыстық филиалының алаңында Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жаңа Салық кодексін енгізуге байланысты туындаған өзекті мәселелерді талқылау мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шараға БҚО Кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен бизнес-қоғамдастық мүшелері қатысып, кездесу БҚО бойынша МКД басшысы Қанат Жолтайұлы Балтабековтын төрағалығымен өтті. Кездесуге БҚО Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Фарид Наильевич Бахтиозин қатысты.
Кездесу барысында Қанат Жолтайұлы кәсіпкерлерді толғандырған мәселелер мен олардың ұсыныстарын тыңдап, жаңа Салық кодексін қолдану кезінде туындайтын қиындықтарды талқылады. Атап айтқанда, қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару және қосымша есепке жатқызу, тауарлар экспорты мен кедендік рәсімдеу, ветеринариялық препараттарға салық салу, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды орындау, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу мәселелері сөз болды. Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерін қолдау шаралары мен салықтық әкімшілендірудің өзекті мәселелеріне назар аударылды.
Талқылау барысында бизнес өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, салық заңнамасын қолдану кезінде кездесетін проблемаларды ортаға салды және оларды шешу бойынша ұсыныстарын білдірді. Қойылған сұрақтарға Қанат Жолтайұлы Балтабеков пен Департамент қызметкерлері тиісті жауаптар беріп, түсініктемелер ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлер тарапынан айтылған барлық ұсыныстар мен проблемалық мәселелер назарға алынды.
Мұндай кездесулер мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық арасындағы ашық диалогты нығайтуға, кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелерді талқылауға, бизнесті қолдау шараларын жетілдіруге және салықтық әкімшілендіруді одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.