
Құрметті Жетісу облысының тұрғындары мен Талдықорған қаласының қонақтары 15-16 қазан күндері сағат 19:00-де Б.Римова атындағы академиялықдрама театрында өтетін қазақтың көрнекті жазушысы, прозашы Сайын Мұратбековтің 90 жылдығына арналған «Жабайы алма» спектаклінің премьерасын тамашалауға шақырамыз!
Қойылымның режиссері – Еркебұлан Қабдыл, Қоюшы-суретші – ҚР Мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Шалабаева.
Қойылым оқиғасы майданнан жырақта орналасқан, алайда соғыс зардабын ауыр тартқан қазақ ауылында өрбиді. Ер-азаматтар майданға аттанып, ауылдағы бар ауыртпалық әйелдер мен балалардың мойнына түседі.
Спектакльдің басты символы – ормандағы жалғыз жабайы алма ағашы. Аштық пен жоқшылық жайлаған қиын кезеңде ол балалардың жалғыз ермегіне, үміті мен қуанышына айналады.
Қойылымда балалық шағы соғыс жылдарында өткен жетім балалардың мұңы, ауыр еңбекке жегілген аналардың қайсарлығы, сондай-ақ адам бойындағы ізгілік пен қатігездіктің тартысы шынайы суреттеледі.
«Жабайы алма» көрерменді өткен тарихқа тағзым етуге, соғыс жылдарындағы халықтың ауыр тағдырын сезінуге үндейді. Тағдыр тауқыметіне қарамастан, шығарма кейіпкерлері адамдық қасиетін жоғалтпай, өмірге деген сенімін сақтап қалады.
Мұңды сағыныш пен нәзік лиризмге толы қойылым – соғыс жылдарындағы ауыл өмірін, адам тағдырын және өмірдің ең қиын сәттерінде де жоғалмайтын үмітті арқау етеді.
Премьераны бірге тамашалайық, театрда кездескенше өнерсүйер қауым!