
Қолжетімді орта — бұл ғимараттың алдына пандус орнатумен ғана шектелмейді.
Ең бастысы — мүгедектігі бар адамның кез келген нысанға өз бетінше кіріп, ғимарат ішінде еркін қозғалып, қажетті қызметтерді кедергісіз ала алуы.
Осы бағыттағы маңызды өзгерістердің бірі — ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 135-бабының қолданысқа енгізілуі.
Аталған бапқа сәйкес, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін объектілердің қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысты сәйкестік туралы декларацияны келісу функциясы Департаментке берілді.
Яғни, нысанның құрылысы, реконструкциясы немесе күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, нысан иесі «E-Otinish» бірыңғай платформасы арқылы өтініш береді.
Осыдан кейін Департамент мамандары нысанға барып, оның қолжетімділігін алты негізгі бағыт бойынша бағалайды.
Бұл — тек құжаттарды қарап, қағаз жүзінде бағалау емес.
Мамандар нысанға тікелей барып, кіреберіс алаңдарды, пандустарды, қозғалыс жолдарын, көтергіш құрылғыларды, санитариялық тораптарды және басқа да қолжетімділік элементтерін тексереді.
Жұмыстың нәтижесіне тоқталсақ, ағымдағы жылдың шілде, тамыз және қыркүйек айларында Департаментке 69 өтініш келіп түсті.
Оның ішінде 14 өтініш келісілді. Ал 55 нысан бойынша қолжетімділік талаптарына сәйкессіздіктер анықталып, келісуден бас тарту туралы шешім қабылданды.
Бұл көрсеткіштер бізге бір маңызды мәселені көрсетеді: қолжетімді орта құру — тек заң талаптарын орындау емес, ең алдымен, адамдарға деген құрмет пен жауапкершілік.
Сондықтан біздің басты мақсатымыз — құжаттарды қарап қана қою емес, қолжетімділік талаптарының іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету.
Әр адам ғимаратқа еркін кіріп, қажетті қызметті еш кедергісіз алуға құқылы.
Қолжетімді орта — ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін ғана емес, барша қоғам үшін маңызды.
Өйткені қолжетімді орта — баршаға ортақ жауапкершілік!