
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Әлеуметтік кодексіне сәйкес көпбалалы аналардың зейнетке жеңілдікпен шығу құқығы сақталған.
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 207-бабының 3-тармағына сәйкес, бес және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.
Осыған байланысты, көпбалалы анаға 53 жастан жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау үшін мынадай негізгі талаптардың сақталуы қажет:
- әйелдің 53 жасқа толуы;
- бес және одан да көп баланы тууы немесе асырап алуы;
- аталған балаларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеуі;
- жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде 6 ай еңбек өтілінің болуы.
Жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі есепке алынады.
Көрсетілген еңбек өтілі еңбек кітапшасымен, ал еңбек кітапшасы болмаған немесе тиісті жазбалар болмаған жағдайда еңбек қызметін растайтын құжаттармен не сот шешімімен расталады.
Сонымен қатар, жұмыс істемейтін анасының жас балаларды күтіп-бағу кезеңі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне әрбір бала үш жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы он екі жылдан аспайтын мерзімге есептеледі.
53 жастан тағайындалатын жасына байланысты зейнетақы төлемі ынтымақты зейнетақы төлемін қамтиды.
Ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жалпы белгіленген зейнеткерлік жасқа толған кезде тағайындалады.
Яғни, әйелдер жалпы белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін еңбек қызметін жалғастыруға, міндетті зейнетақы жарналары есебінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңін және зейнетақы жинақтарының мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндігі бар.
Зейнетақы төлемдерін тағайындату үшін әйелдер тұрғылықты жеріндегі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне нысандағы өтінішімен қоса қажет болған жағдайда еңбек өтілін, балалардың тууын және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелегенін растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.
Осылайша, бес және одан да көп баланы туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толған кезде заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемін жеңілдікпен, яғни жалпы белгіленген зейнеткерлік жастан бұрын алуға құқылы.