
Белсенді туристік маусым қарсаңында Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Азамат Мұсабеков пен камералдық мониторинг басқармасының басшысы Еркежан Бүркітова Мақаншы ауданы бойынша МКБ қызметкерлерімен бірлесіп, Алакөл көлінің жағалауында кәсіпкерлік субъектілерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында көшпелі кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты кәсіпкерлерді Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің нормаларымен таныстыру, салықтық әкімшілендірудің өзекті мәселелерін түсіндіру, сондай-ақ кассалық тәртіпті сақтау, бақылау-кассалық машиналарды қолдану және қолма-қол ақшасыз төлемдерді (POS-терминалдар арқылы) жүзеге асыру тәртібін түсіндіру болды.
Кездесу барысында Департамент өкілдері салық міндеттемелерін орындау тәртібін, салық режимдерін қолдану ерекшеліктерін, БКМ пайдалануға қойылатын талаптарды, сондай-ақ салық заңнамасын бұзғаны үшін көзделген жауапкершілікті жан-жақты түсіндірді. Еңбек қатынастарын заңдастыру, жалдамалы жұмыскерлерді уақтылы тіркеу және кірістердің толық көрсетілуін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бүгінде Алакөл көлінің жағалауында 329 салық төлеуші қызметін жүзеге асыруда. Тіркеу есебінде фискалдық жадысы бар 347 бақылау-кассалық машина және 136 POS-терминал бар.
Айта кету керек, 2025 жылы жүргізілген салықтық әкімшілендіру жұмыстарының нәтижесінде елеулі көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Түсіндіру жұмыстары мен бақылау іс-шараларының арқасында 74 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 91 жалдамалы жұмыскер ресми түрде рәсімделді. Кәсіпкерлердің табысы шамамен 2,4 млрд теңгеге ұлғайды.
Сонымен қатар, салық заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін 348 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлердің салықтық сауаттылығын арттыруға, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға және мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің толықтығын қамтамасыз етуге бағытталған ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын жалғастырады.