2026 жылдың үшінші тоқсанында Шығыс Қазақстан облысына шетелдік компаниялар мен делегациялардың 30 өкілі келді. Олардың қатарында Қытайдың «Bada Road and Bridge», «ZIJIN MINING GROUP NORTHWEST Co., Ltd.», «Xinjiang Chixing Environmental Protection Technology Co., Ltd.», «Тарбагатай Мунай» ЖШС, «Лунцзянь», «Altai Xinji International Trade» ЖШҚ, «YEMA Group Co., Ltd.», «Tricar Motors» ЖШС, «Қытайдың Синьсин құрылыс және даму компаниясы» ЖШС, «DongFeng Kazakhstan» ЖШС, «China Huaneng Group Hong Kong Co., Ltd.», «Kunlun Energy Ltd.», «JUNXIN ENVIRONMENTAL PROTECTION» ЖШС, «KAZ Minerals Management» ЖШС, «B&A Contractors» ЖШС, «Baimi Auto Technology» ЖШС, «Цзунфэн Экологиялық технологиялар», «Dengbo Success Minerals Ltd.», «Фалилэй», «China CAMA Engineering Co Ltd.» компаниялары, Кореяның «YPP Corporation» компаниясы, сондай-ақ ҚХР-дың Алматы қаласындағы Бас консулы, Австрия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Тачэн ауданы делегациясы, Беларусь Республикасының Могилев облысының делегациясы және Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі болды.
Әрбір делегация үшін сапардың мақсаты, қатысушылардың тілектері мен ерекшеліктері ескеріле отырып, алдын ала жеке бағдарлама әзірленді. Сапарлар аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімімен және облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарымен кездесулер ұйымдастырылды. Кездесулерде екіжақты ынтымақтастық перспективалары, экономика, білім беру, мәдениет, туризм және инвестициялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар қонақтарға өңірдің экономикалық және өнеркәсіптік әлеуеті, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, сондай-ақ облыстың тарихи-мәдени көрікті жерлері таныстырылды. Өңіраралық және халықаралық өзара іс-қимылды дамытуға, мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылды.
Шығыс Қазақстан облысы делегациясының шетелдік және өңіраралық іссапарлары
1. 2026 жылғы 24–25 шілде, Омбы қаласы (Ресей Федерациясы)
Облыс әкімі Н.А. Сақтағанов бастаған Шығыс Қазақстан облысының делегациясы «Жаһандық логистикалық экожүйені қалыптастыру: Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» тақырыбында өткен Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумына қатысты.
Сапар аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі (Қазақстан Республикасы) мен Орынбор облысының Үкіметі (Ресей Федерациясы) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
2. 2026 жылғы 23–24 шілде, Ақтау қаласы
Облыс әкімінің орынбасары Е.Ж. Нұрғалиев Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы өңірлері басшылары кеңесінің I отырысына қатысты.
Сапар аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі (Қазақстан Республикасы) мен Наманган облысының хокимияты (Өзбекстан Республикасы) арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-мәдени және гуманитарлық салалардағы халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстарды орнату туралы меморандумға қол қойылды.
3. 2026 жылғы 25 қыркүйек, Алматы қаласы
Облыс әкімі Н.А. Сақтағанов «Қазақстан–Қытай» инвестициялық форумына қатысты. Форум аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:
- «East Motors Corporation» компаниясымен автомобиль компоненттері мен жеңіл автомобильдер өндіретін жоғары технологиялық автомобиль жасау кешенін құру жобасын іске асыру жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы ниеттер келісімі. Жобаның құны – 110 млрд теңге;
- Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «Beijing Tizhi Trading Co. Ltd» компаниясы арасында облыс аумағында тәулігіне 500–700 тонна қатты тұрмыстық және тұнба қалдықтарын өңдейтін заманауи кешен құру жөніндегі ниеттер туралы меморандум. Жобаның құны – 35,8 млрд теңге.
4. 2026 жылғы 26–27 қыркүйек, Павлодар қаласы
Облыс әкімі Н.А. Сақтағанов бастаған Шығыс Қазақстан облысының делегациясы «Ертіс: достық өзені – даму өзені» халықаралық форумына қатысты.
Шығыс Қазақстан облысына шетелдік делегациялардың сапарлары
1. 2026 жылғы 25–27 тамыз – Беларусь Республикасының Могилев облысының делегациясы
Өскемен қаласына Могилев облыстық атқару комитетінің төрағасы А.М. Исаченко бастаған Беларусь Республикасының Могилев облысының делегациясы келді.
2026 жылғы 26 тамызда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Н.А. Сақтағановтың Могилев және Шығыс Қазақстан облыстарының іскерлік қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен кездесуі өтті. Кездесу барысында екі өңірдің экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени әлеуетінің таныстырылымдары өткізілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
- Могилев облыстық атқару комитеті мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы меморандум;
- 2026–2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары;
- Бобруйск қалалық атқару комитеті мен Өскемен қаласының әкімдігі арасындағы келісімді іске асыру жөніндегі жол картасы;
- Шығыс Қазақстан облысының «Атамекен» ҰКП мен Беларусь сауда-өнеркәсіп палатасының Могилев бөлімшесі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- «Ертіс» ӘКК» АҚ мен «Могилев» арнайы экономикалық аймағы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- «Могилевлифтмаш» ААҚ, «Ертіс» ӘКК» АҚ және «Лифтэк» ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
Бұдан кейін Шығыс Қазақстан облысының «Атамекен» ҰКП төрағасының қатысуымен екіжақты іскерлік кездесу өтті. Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланып, B2B келіссөздер ұйымдастырылды. Оларға Қазақстанның 30-дан астам компаниясы қатысты.
Іскерлік кездесу қорытындысы бойынша «Бобруйск ет комбинаты» ААҚ мен «Өскемен ет-консерві зауыты – Ұлан» ЖШС арасында ет өнімдерін жеткізу, сондай-ақ «Могилевлифтмаш» ААҚ мен «Лифтэк» ЖШС арасында лифт жабдықтарын жеткізу жөніндегі ниеттерге қол қойылды.
27 тамызда кәсіпорындар Шығыс Қазақстан облысының тиісті бейінді кәсіпорындарына баруды қамтитын жеке бағдарламалар бойынша жұмыс жүргізді.
2. 2026 жылғы 25–26 қыркүйек – Үлкен Алтай өңірлерінің Экономикалық кеңесінің III отырысы
Өскемен қаласында «Үлкен Алтай өңірлерінің экономикалық ынтымақтастығын дамыту: диалогтан бірлескен жобаларды іске асыруға дейін» тақырыбында Үлкен Алтай өңірлерінің Экономикалық кеңесінің III отырысы өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысынан, Ресей Федерациясының Алтай өлкесінен, Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан, сондай-ақ Моңғолияның Баян-Өлгий және Ховд аймақтарынан өкілдер қатысты.
Отырыстың мақсаты – өңіраралық байланыстарды нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, трансшекаралық туризм мен логистиканы дамыту, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылау.
Отырыстың Шығыс Қазақстанда өткізілуі өңірдің 2026–2027 жылдары «Біздің ортақ үйіміз – Алтай» халықаралық үйлестіру кеңесіне төрағалық етуі аясында ерекше маңызға ие.
Отырыс барысында қатысушылар сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимыл перспективаларын, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік жеткізу, технологиялар алмасу және іскерлік байланыстарды кеңейту мәселелерін қарастырды.
Трансшекаралық туризмді дамытуға, бірлескен туристік маршруттарды қалыптастыруға, көлік қолжетімділігін арттыруға және Үлкен Алтайдың туристік әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілетуге ерекше назар аударылды.
Отырыс өңірлер мен іскерлік қоғамдастық арасында ашық диалог орнатуға, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін айқындауға, тікелей байланыстар орнатуға және перспективалық бастамаларды пысықтауға арналған алаңға айналды.
Экономиканың түрлі салалары өкілдерінің қатысуы өзара іс-қимылдың практикалық мәселелерін талқылауға және алдағы бірлескен жұмыстың бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Отырыс қорытындысы бойынша Үлкен Алтай өңірлері Экономикалық кеңесінің III отырысының қорытындысы жөніндегі хаттамалық шешімге қол қойылды.
2026 жылдың үшінші тоқсанында өткізілген халықаралық кездесулер, келіссөздер және шетелдік іссапарлар Шығыс Қазақстан облысының халықаралық байланыстарын нығайтуға, сыртқы экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуге, сондай-ақ гуманитарлық және өңіраралық байланыстарын дамытуға елеулі үлес қосты.