Бекішев М. Е.:Құрметті Гүлнұр Әнуарбекқызы, Сағындық Серікбайұлы, депутаттар! Құрметті сессияға қатысушылар!
Бүгінгі қаралып отырған мәселенің Шортанды ауданы үшін маңызы зор. Өйткені кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар тарту жаңа жұмыс орындарын құрумен, халықтың табысын арттырумен, салық базасын кеңейтумен және жалпы аумақтың экономикалық тұрақтылығымен тікелей байланысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, шағын және орта бизнес экономиканың маңызды негізі болып табылады, ал мемлекеттік қолдау атаулы әрі тиімді болуы тиіс.
Ұсынылған баяндамадан Шортанды ауданында кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және бизнес субъектілерін қолжетімді мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттандыру бойынша дәйекті жұмыс жүргізіліп жатқаны көрінеді. Кәсіпкерлерге кеңес беріліп, қажетті құжаттарды дайындауда жәрдем көрсетілуде, туындаған проблемалық мәселелер анықталып, жергілікті атқарушы органдардың құзыреті шеңберінде оларды шешу бойынша шаралар қабылдануда.
Атап өткен жөн, бұл жұмыстан депутаттық корпус та тыс қалмады. Заңнамада берілген өкілеттіктерді пайдалана отырып, мәслихат жергілікті бизнесті қолдау бойынша нақты шара қабылдады, ол бойынша корпоративтік немесе жеке табыс салығының мөлшерлемесі, төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді.
Алдағы уақытта қабылданған шешімнің практикалық әсерін және оның ауданның шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне тигізетін ықпалын бағалау маңызды.
«Іскер аймақ» бағдарламасын дамыту ерекше назар аударуға лайық. Аудан үшін басым қызмет түрлерін айқындау – маңызды қадам, алайда келесі кезең осы бағыттарды аудан аумағында сұранысқа ие нақты жобалармен толтыру, оларды іске асыру үшін жағдай жасау болуы тиіс.
Бұл ретте мемлекеттік қолдау кәсіпкерліктің дәстүрлі бағыттарын ғана қамтымауы тиіс. Шортанды ауданы үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді, шағын өндірістерді, көлік-логистикалық және қойма қызметтерін, жол бойы сервисін, демалыс және қызмет көрсету саласын, техниканы жөндеу және оған қызмет көрсетуді дамыту перспективалы бағыттар болып табылады. Сондай-ақ жаңадан бастаған кәсіпкерлер мен жастарға көбірек көңіл бөлу қажет, өйткені жаңа бизнес субъектілерін құру болашақ экономикалық өсудің негізін қалыптастырады.
«Aqmola» республикалық маңызы бар индустриялық аймағының құрылуын жеке атап өткен жөн. Оны Шортанды ауданының аумағында орналастыруды жай ғана жеке инфрақұрылымдық жоба ретінде емес, ауданның экономикалық құрылымын өзгертуге және оның дамуына жаңа серпін беруге арналған ұзақ мерзімді мүмкіндік ретінде қарастыру қажет.
Индустриялық аймақ бойынша жұмыс тек қажетті инфрақұрылымды құруға ғана емес, сонымен қатар индустриялық аймақ аумағында орналасуға мүдделі нақты инвесторларды белсенді түрде тартуға, олармен атаулы жұмыс жүргізуге және оларды жүзеге асыру үшін тиісті жағдайлар жасауға бағытталуы тиіс.
Тартылатын инвестициялардың сапасының маңызы зор. Салынған қаражат көлемі мен жобалар саны ғана емес, сондай-ақ олардың экономикаға қотатын нақты үлесі де маңызды: тұрақты жұмыс орындарын құру, лайықты жалақы деңгейі, өндіріс көлемін ұлғайту, өңдеуді дамыту және салық базасын кеңейту.
Ірі инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде жергілікті бизнестің мүмкіндіктерін барынша пайдалану аса маңызды. Аудан кәсіпкерлері жаңа кәсіпорындардың өндірістік және сервистік тізбектеріне қатысу, жеткізілімдерді жүзеге асыру, көлік, жөндеу, құрылыс, логистикалық және басқа да қызметтерді ұсыну мүмкіндігін алуы тиіс. Бұл индустриялық аймақтың оң экономикалық әсерін шағын және орта бизнес субъектілерінің кең ауқымына таратуға мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде іске асырылып жатқан жобалармен де жұмысты жалғастыру қажет. Кәсіпкерлік бастама мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл арқылы шешуге болатын мәселелерге байланысты тоқтап қалмауы тиіс. Мұнда мәселелерді уақтылы анықтау, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және жергілікті атқарушы органдардың құзыреті шеңберінде жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде сүйемелдеу маңызды.
Жалпы, ауданда кәсіпкерлікті қолдау және инвестициялар тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, алайда қолда бар әлеует алдымызға неғұрлым өршыл міндеттер қоюға мүмкіндік береді.
Құрметті әріптестер!
Бүгінгі таңда Шортанды ауданында кәсіпкерлік пен инвестициялық қызметті одан әрі дамыту үшін барлық алғышарттар бар. Біздің міндетіміз – қолда бар мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалану.
«Aqmola» индустриялық аймағы, шағын және орта бизнесті дамыту, инвесторларды қолдау және жаңа кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жағдай жасау бір экономикалық саясаттың өзара байланысты бағыттары ретінде қарастырылуы тиіс, оның түпкі мақсаты – аудан тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер жасау және халықтың әл-ауқатын арттыру.
Аудандық мәслихаттың, жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлік қоғамдастықтың және мемлекеттік қолдау институттарының өзара іс-қимылы арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізуге тұрақты депутаттық бақылауды қамтамасыз ете отырып, бұл жұмысты жалғастыру қажет деп есептейміз.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Шортанды ауданы әкімінің орынбасары Айсұлтан Айдарбекұлы Сейпеловтың «Шортанды ауданында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, инвестициялар тартымдылығын арттыру және индустриялық аймақты дамыту шаралары туралы» баяндамасын назарға алуды және белгіленген бағыттарды іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруды ұсынамын.
Назарларыңызға рақмет.