Еліміздің барлық аймақтарында Қоғамдық кеңестер 2015 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 99-шы қадамында көрсетілген халықтық реформаны орындау негізінде құрылған болатын. Қоғамдық кеңестердің құрылуы еліміздің жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру арқылы қоғамды демократияландыруға бағдар ұсталып отырғандығын, мемлекеттік органдардың жұмысының ашықтығы қалыптастырылып, оған азаматтардың белсене қатысуына жол ашуға мүмкіндік жасалғандығын көрсетіп берді.
Мемлекеттік басқару құрылымдары мен халықтың арасындағы байланысты неғұрлым тиімді етуге бағытталған Қоғамдық кеңестердің жұмысының мәні де осында. Іс жүзінде Қоғамдық кеңестер билік органдарының жұмысын, бюджеттің орындалу барысын, қаржының өңірлердің қажеттілігіне сай бөлінуін бақылауды жүзеге асырады. Бұл жаңа құрылым тұрғындар үшін аса маңызды көкейкесті мәселелерді көтеріп және оны шешуге биліктің назарын аударуға ықпал етеді. Барлық ақпараттарды алуға мүмкіндігі бар Қоғамдық кеңестер белгілі бір мәселелерді шешуге ықпалын тигізетін ұсыныстар мен шешімдерді көпшілік дауыспен қабылдап, тиісті құзырлы органдарға ұсынымдар жолдайды. Ал, құзырлы органдар өз кезегінде Қоғамдық кеңестер тарапынан қабылданған ұсыныстар мен шешімдерді назарда ұстауға міндетті. Бұл міндеттер ҚР Үкіметінің қаулысында да, Қоғамдық кеңестер туралы ҚР Заңында да атап көрсетілген.
Қоғамдық кеңестердің барынша тиімді жұмыс істеуі үшін оның құрамына түрлі мамандық иелерінен, кем дегенде үштен екі бөлігі азаматтық қоғамдардың өкілдерінен құрылуы тиіс, сонымен қатар мемлекеттік атқарушы орган өкілдері де Қоғамдық кеңестерге мүше бола алады..
Осылайша әртүрлі топтардан құралған Қоғамдық кеңестің отырыстарында қаралып отырған мәселелерге түрлі көзқарас пен ұстаным тұрғысынан қарауға мүмкіндік береді және өңірдегі өзекті мәселелер мен проблемаларды жан-жақты талдап, объективті бағасын беруіне мүмкіндік берілген.
Ақтау қалалық қоғамдық кеңесі өз жұмысында Қазақстан Республикасының “Қоғамдық кеңестер туралы” Заңын және ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсанда бекітілген Қоғамдық кеңестер туралы үлгілік Ережені басшылыққа алып жұмыс жүргізіп келеді.
Енді Ақтау қалалық қоғамдық кеңесінің өткен 2025 жылы атқарған жұмыстары жөнінде нақтырақ айтып өтейін.
Ақтау қалалық мәслихатының 2025 жылғы 10 ақпандағы шешімімен Ақтау қалалық қоғамдық кеңесінің құрамы түрлі қоғамдық ұйымдар мен қала әкімдігінің жауапты қызметкерлерінен 20 адам болып бекітілген болатын. Қоғамдық кеңес мүшелері қаланың экономикалық-әлеуметтік салаларында, қоғамдық ұйымдарда, кәсіпкерлік жүйеде белсенді қызмет жасап жүрген, тәжірибелі азаматтар.
2025 жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында Ақтау қалалық қоғамдық кеңесінің 12 отырысы өтті. Оларда барлығы 47 мәселе қаралды.
Жұмыс жоспарына сәйкес қоғамдық кеңес азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және талқылауға тұрақты түрде қатысып отырды. Мемлекеттік органдар басшыларының баяндамалары тыңдалып, қоғамдық пікір мен ұсыныстар ескерілді.
2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының барысы, туындаған проблемалар және оларды шешу бойынша қабылданған шаралар жөнінде қаланың коммуналдық қызметтерінің есептері қаралды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй инспекциясы, энергиямен және сумен қамтамасыз ететін мекемелердің жұмысына қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтылып, нақты ұсыныстар берілді.
ІІ тоқсанда Ақтау қаласы мен Өмірзақ ауылының 2024 жылға арналған бюджеттерінің орындалуы туралы есептер тыңдалды. Бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуы, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы кеңінен талқыланып, экономика және бюджет саласы бойынша ұсыныстар әзірленді.
Қаланың алдағы қыс маусымына дайындық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік және энергетика объектілерінің жылыту маусымына әзірлігі, сондай-ақ тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды ауызсумен және жылумен қамтамасыз ету жағдайы Қоғамдық кеңестің отырысында қаралды. Кеңес осы бағытта мониторинг жүргізу мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлескен мониторингтік топ құру жөнінде ұсыныс енгізіп, мәселені қоғамдық бақылауға алды. Осы тұрғыда, қоғамдық кеңес «МАЭК» ЖШС-не қалалық әкімдікке, ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭС 2025 жылдың жаз айында жылу желілерінің жұмыс режимін дайындап жіберуді, жылу желілерінің магистралдық құбырларына гидравликалық сынақтар жүргізіп, ақауларды жоюды, қысқы жұмыс режимі алдында магистралдық құбырларды жуып-шаюды, сондай-ақ коммерциялық шығын өлшегіш оралымдарды жазғыдан қысқыға ауыстыру жұмыстарын қамтамасыз етуді ұсынды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қазандықтар, жылу желілері және тұтынушылардың жылу пайдалану қондырғыларының техникалық жай-күйін, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын дайындау мен бақылауды қамтамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау объектілеріне айрықша көңіл бөліп, әлеуметтік нысандардың жылыту жүйесін тазалау мен бекіту жұмыстарын мерзімінде аяқтау, күзгі-қысқы кезеңге қаланы үздіксіз сумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру ұсынылды.
Тұрғын үй инспекциясы бөліміне тұрғын үйлердің жылыту жүйесін тазалау, бекіту, суық және ыстық сумен жабдықтау жүйесін жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтау, энергиямен жабдықтау ұйымдарымен жылу есебінің ортақ жүйесін сақтау және оған техникалық қызмет көрсету бойынша шарт жасау, сондай-ақ көппәтерлі үйлер иелерімен шарттық қатынастарды рәсімдеудің белгіленген тәртібін сақтау бойынша қадағалау жүргізу ұсынылды.
Қала шағын аудандарындағы балалар және спорт алаңдарының жай-күйі, оларды жақсарту және қалпына келтіру шаралары Қоғамдық кеңестің отырысында қаралды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің есебі тыңдалып, тұрғындармен кері байланысты күшейту мақсатында «Telegram» әлеуметтік желісінде арнайы чат ашу және мердігер ұйымдардың байланыс тұлғаларының деректерін жариялау жөнінде ұсыныс берілді.
Сонымен қатар, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, контейнерлердің жеткіліктілігі және қызмет көрсетуші ұйымдардың жұмыс жағдайы қаралып, мониторингтік топ құру арқылы қоғамдық бақылау күшейтілді. Қала аумағында қоқыс жәшіктерінің жеткілікті орналастырылуын қамтамасыз ету, коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындардың өз аумақтарындағы люктердің жабық болуын бақылау, «Асыл Парк» тұрғын үй кешенінің маңындағы ойықтарды жабу, шағынаудандарда қазылған жерлерді мердігер ұйымдар тарапынан қалпына келтіру, сондай-ақ №2 қалалық емхананың қарсы бетінде жаңа жол ашу мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныстар енгізілді. Және қала әкімдігіне 10-шағын ауданындағы «Ботаникалық бақты» халыққа қолайлы мерзімдерде пайдалану, таза ауада серуендеу және демалысқа қолайлы ету мәселесін қарастыру, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және өңдеу бойынша облыста қоқыс өңдеу зауытын салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қаланы көгалдандыруды дамыту бойынша жобаларды іске асыру, қаланың түрлі мекемелерімен және мердігер компаниялармен жұмыс жүргізу, санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тиісті іс-шараларды қабылдау тапсырылды.
Қала тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен және жергілікті көкөніс өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету, баға тұрақтылығына қоғамдық бақылау орнату мақсатында Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің есебі тыңдалып, нақты ұсыныстар енгізілді. Кеңес әлеуметтік бұрыштардың қолжетімділігін арттыру, заманауи талаптарға сай жәрмеңкелерді бірнеше орында ұйымдастыру және «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушы жергілікті өндірушілерді қолдау жөнінде ұсыныстар берді.
Қала бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарын айқындау мәселесі қаралып, тұрғын үй сертификаттарын беру аясын кеңейту, оның ішінде тек әлеуметтік осал топтарға ғана емес, «Наурыз» бағдарламасына қатысушы Қазақстан Республикасы азаматтары мен қандастарды қамту жөнінде нақты ұсыныс енгізілді.
Қоғамдық кеңес мүшелері қала аумағындағы дәрілік заттардың бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізді. Кеңес мүшелерінен құрылған арнайы жұмыс тобы қала аумағында дәрілік заттардың бағасына жүргізілген мониторинг барысында анықталған негізсіз көтеріңкі бағалар бойынша «DariKZ» мобильді қосымшасы арқылы тиісті шағымдар жолдады. Сонымен қатар, тұрғындар арасында дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік бақылау тетіктері жөнінде кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, аталған қосымшаны пайдалану тәртібі халыққа кеңінен насихатталу қажеттігі жөнінде денсаулық басқармасына ұсыныс берді.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы мектеп асханаларында көрсетілетін тамақтану қызметінің сапасы мен санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуына қатысты тексеру жұмыстары жүзеге асырылды. Аталған іс-шаралар шеңберінде азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі, дайындалу технологиясы, сақтау шарттары және оқушыларға ұсынылатын тағамдардың сапасы жан-жақты зерделенді.
Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес мүшелері азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау жұмысына белсенді түрде қатысты. Есептік кезеңде келіп түскен өтініштердің басым бөлігі, атап айтқанда жұмыспен қамту мәселелері, 15-шағынаудандағы заңсыз құрылысқа қатысты мәселе, Шығыс шағынауданындағы жол жамылғысының шұңқырлы жағдайы бойынша көтерілген түйткілдер оң шешімін тапты. Ал бірқатар мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты ұсынымдар жолданды. Бұл бағыттағы жұмыс Қоғамдық кеңес қызметінің маңызды әрі басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Әкіммен өткізілген жиындар барысында Қоғамдық кеңес мүшелері мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын ашу, теңіз жағалауында балаларға арналған демалыс алаңын ұйымдастыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, сондай-ақ жылу және сумен қамтамасыз ету сапасын жақсарту мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Қоғамдық кеңестің алдағы жылға арналған жұмыс жоспары жыл басталмай тұрып алдын ала талқыланып, 2025 жылғы 21 желтоқсанда өткен Қоғамдық кеңес отырысында 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Жұмыс жоспары тоқсандар бойынша қалыптастырылып, І тоқсанда 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымының барысы, қалалық коммуналдық қызметтердің есебі, қала мектептерінің жағдайы мен оларды дамыту перспективалары, буллингтің алдын алу, әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігі, денсаулық сақтау ұйымдарындағы қызмет сапасы, мектептер мен балалар спорт алаңдарының қауіпсіздігі, 2025 жылы қабылданған ұсынымдардың іске асырылу барысы қаралатын болады. Сондай-ақ қалаішілік құрылыс нысандарының Бас жоспарға сәйкестігі, жастарға арналған бос уақыт орталықтарының жұмысы, «Ашық әкімдік» және «Халық қатысатын бюджет» жобаларының іске асырылу барысы, медициналық көмектің сапасын арттыру, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы, ауыз су сапасын бақылау, коммуналдық тарифтерге талдау, қоғамдық көлік қозғалысының қолжетімділігі мен қауіпсіздігі, сондай-ақ Ақтау қаласын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған жоспарының іске асырылу барысы қаралатын болады. IV тоқсанда 2027-2029 жылдарға арналған Ақтау қаласы мен Өмірзақ ауылы бюджеттерінің жобалары, сондай-ақ 2027 жылға арналған Ақтау қаласының Қоғамдық кеңесінің жұмыс жоспары талқылауға шығарылады.
Ақтау қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы