Әкімдік отырысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов пен Полиция департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Байкенов баяндама жасады.
Биылғы жылдың 4 сәуірінен бастап облыстың барлық елді мекендерінде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Сенбіліктерге 290 мыңнан астам тұрғын қатысып, 5 941 ұйым мен 2 656 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде:
* 33 мың аула;
* 894 саябақ пен сквер аумағы тазартылды;
* полигондарға 43 719 тонна қоқыс шығарылды;
* өңірлік жоспарға сәйкес отырғызылуы тиіс 67 мың көшеттің 60 мыңы егілді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар білім беру ұйымдарында да жүйелі жүргізілуде. «Жасыл балабақша» жобасына бүгінге дейін 33 мектепке дейінгі ұйым қатысып, 4 861 тәрбиеленуші мен 553 педагог қамтылды. Облыстағы 305 мектепте оқушыларға арналған 1 554 экологиялық сынып сағаты өткізілді.
Аймақ басшысы жиында «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Санға емес, ең әуелі сапаға мән беру керектігін ескертті.
Жиын қорытындысында облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді жоюды, орындалмаған тапсырмаларға жан-жақты талдау жүргізуді және бағдарламаның іске асырылу тиімділігін арттыру бағытындағы үйлестіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.