АЗАМАТТАРДЫҢ ӨКІЛДІ ОРГАНЫ – АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ 2025 ЖЫЛҒЫ ДЕПУТАТТЫҚ КОРПУСТЫҢ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ

    ·

    АЗАМАТТАРДЫҢ ӨКІЛДІ ОРГАНЫ – АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ 2025 ЖЫЛҒЫ ДЕПУТАТТЫҚ КОРПУСТЫҢ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік органдардың барлық деңгейдегі басты міндеті – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру екенін бірнеше рет атап өтті. Депутаттық корпус үшін бұл міндет негізгі бағдар болып қала береді.

    Әрбір депутат өкілді органның қай деңгейінде жұмыс істейтініне қарамастан, өз сайлаушылары алдында сайлауалды міндеттемелерін орындауға, салмақты шешімдер қабылдауға және өңірдің өзекті мәселелерін жүйелі түрде шешуге жауапты. Бұл ретте депутаттық корпус пен атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, бизнес өкілдерінің және облыс тұрғындарының арасындағы сындарлы өзара іс-қимылдың маңызы ерекше.

    Бүгінде Ақмола облысында барлық деңгейдегі 265 депутат өз қызметін атқаруда, оның ішінде 32 депутат облыстық мәслихат құрамында. Ақмола облыстық мәслихаты VIII шақырылым депутаттық корпусының жұмысы басталғаннан бері 29 сессия өткізіліп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын 60 нормативтік құқықтық актіні қоса алғанда, 200-ден астам шешім қабылданды.

    Депутаттар қабылдаған шешімдер салық салу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, халықты әлеуметтік қорғау және бюджеттік жоспарлау салаларындағы өңірлік саясатты одан әрі жетілдіруге бағытталды.

    Депутаттық корпус, мемлекеттік органдар және бизнес өкілдерінің бірлескен жұмысының маңызды нәтижелерінің бірі – бөлшек сауда салығы мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету мәселесінің шешілуі болды. Бұл бастама 2023 жылдан бастап бейінді министрліктермен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп кезең-кезеңімен пысықталды. Ағымдағы жылы мәселе оң шешімін тауып, бұл шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасауға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

    Депутаттар облыстық бюджетті қалыптастыру және оның орындалу мәселелеріне ерекше назар аударады. Соңғы жылдары бюджеттік мәселелерді қарау тәсілдері едәуір жетілдірілді. Облыстық мәслихат жұмысына үш жылдық бюджетті ашық қорғау тәжірибесі енгізілді, оған бюджеттік бағдарламалар әкімшілері міндетті түрде қатысады. Мұндай формат бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын неғұрлым объективті бағалауға, проблемалық мәселелерді уақытылы анықтауға және қаржы ресурстарын басым бағыттарға қайта бөлу жөнінде шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

    VIII шақырылым депутаттарының жұмыс кезеңінде облыстық бюджет 18 рет нақтыланды. Депутаттық корпус пен атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында босатылған қаражатты жедел қайта бөлу және оны әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық маңызы бар міндеттерді шешуге бағыттау қамтамасыз етілді.

    Басты басым бағыттардың бірі – әлеуметтік саланы және денсаулық сақтау жүйесін дамыту. Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген медицина қызметкерлерін мемлекеттік қолдау шаралары тұрақты түрде жетілдірілуде. Біржолғы әлеуметтік төлем көлемі 2,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, ал ағымдағы жылы бұл төлемді 8 млн теңгеге дейін арттыру туралы шешім қабылданды. Осы қолдау шарасын іске асыру үшін облыстық мәслихаттың алдағы сессиясында қолданыстағы шешімге тиісті өзгерістер енгізіледі.

    Депутаттардың тікелей қатысуымен Атбасар, Жарқайың және Жақсы аудандары тұрғындарын гемодиализ қызметімен қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін бюджеттік сала қызметкерлеріне коммуналдық қызметтерді төлеуге және отын сатып алуға өтемақы беру үшін қосымша қаражат бөлінді.

    Депутаттық корпус қызметінің ажырамас бөлігі – халықпен тұрақты байланыс орнату. Есепті кезеңде барлық деңгейдегі депутаттар сайлаушылармен 700-ден астам кездесу өткізді, 427 азаматты қабылдады, 212 өтініш қаралды. Облыстық мәслихатқа ғана 783 өтініш келіп түсті.

    Қазақстан Республикасы Парламентімен өзара іс-қимыл жұмысы жүйелі түрде дамып келеді. Облыстық мәслихат депутаттары заң жобаларын қарау және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша 18 жұмыс тобының жұмысына қатысады. Өңірдегі жұмыс қорытындысы бойынша қалыптастырылған ұсыныстар орталық мемлекеттік органдарға жолданып, заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде ескеріледі.

    Облыстық мәслихат депутаттық корпусы қызметінің маңызды бағыттарының бірі – тұрақты комиссиялардың жұмысы болып табылады. Дәл осы комиссиялардың отырыстарында шешімдердің жобалары жан-жақты қаралып, сессияларда қаралатын мәселелер алдын ала пысықталады, облыстық бюджеттің орындалуы, мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың іске асырылу барысы, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі және бұрын қабылданған шешімдердің орындалуы талданады.

    Тұрақты комиссиялардың назарында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, көлік саласы, экология, кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар тарту мәселелері тұрақты түрде қаралады.

    Жұмыстың елеулі бөлігі көшпелі форматта жүргізіледі. Депутаттар салынып жатқан және қолданыстағы нысандарды аралап, тұрғындармен кездесулер өткізеді, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларын тыңдайды. Бұл мәселелердің нақты жағдайын жергілікті жерде бағалауға, проблемалық сұрақтарды уақытылы анықтауға және оларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Тұрақты комиссиялардың қызметі облыстық мәслихат сессияларында қаралатын мәселелерді сапалы дайындауға, негізделген шешімдер қабылдауға және депутаттық бақылаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

    Депутаттық корпустың тұрақты бақылауында Ақмола облысының даму жоспарын іске асыру мәселелері тұр. Тұрақты комиссиялар мен жұмыс топтарының отырыстарында қаралған мәселелер қорытындысы бойынша депутаттар қабылданған ұсынымдардың орындалуына мониторинг жүргізеді, нысандарға барып тексеру жұмыстарын ұйымдастырады, атқарушы органдардың есептерін тыңдайды және мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын бақылайды. Мұндай тәсіл туындаған мәселелерге уақытылы ден қоюға, бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге және жобалардың сапалы орындалуын бақылауға мүмкіндік береді.

    Депутаттық корпус жұмысының тиімділігі көбіне атқарушы органдармен қалыптасқан сындарлы өзара іс-қимылға байланысты. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде өңірде тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму қамтамасыз етіліп, оның нәтижелері тек макроэкономикалық көрсеткіштерден ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасының артуынан көрініс табуда.

    Егер 2023 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,7 трлн теңгені құраса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысының экономикасы 5 трлн теңгеден асты. Өңір әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтап, негізгі көрсеткіштер бойынша республикада көшбасшы орындарды иеленіп отыр. Жыл қорытындысы бойынша облыс ауыл шаруашылығы өндірісінің өсу қарқыны және инвестициялар тарту бойынша бірінші орынға, сауда көлемі бойынша екінші орынға, құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша бесінші орынға ие болды.

    Депутаттық корпус үшін экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы облыс тұрғындарының әл-ауқатының артуына тікелей әсер етуі аса маңызды. Экономикалық өсім жаңа жұмыс орындарының ашылуымен, халық табысының ұлғаюымен, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуымен, инженерлік желілердің жаңғыртылуымен және мемлекеттік қызметтердің сапасының жақсаруымен қатар жүруі тиіс. Облыстық мәслихат депутаттары қабылдайтын шешімдер осы мақсаттарға бағытталған.

    Өңірдің экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күштерінің бірі – Шортанды және Целиноград аудандарының аумақтарын, сондай-ақ Қосшы қаласын біріктіретін республикалық маңызы бар «Ақмола» индустриялық аймағын құру болды. Бүгінде бұл алаң заманауи өндірістерді орналастыруға, жаңа технологияларды енгізуге және жоғары өнімді жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін өңірдегі ірі инвестициялық орталыққа айналуда.

    Қазіргі уақытта облыстың инвестициялық портфелі 2,2 трлн теңге сомасында қалыптастырылып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның ішінде 1 трлн теңгеден астам инвестиция тікелей «Ақмола» индустриялық аймағында іске асырылмақ. Сонымен қатар «Көкше Индастри» және «Степногорск Индастриал Парк» өңірлік индустриялық алаңдарын дамыту жұмыстары жалғасуда.

    Инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде Ақмола облысы инвестиция өсімінің қарқыны бойынша республикада бірінші орынға ие болды. Бұл көрсеткіш 53,1 пайызды құрады.

    Жыл қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 927 млрд теңгеге жетіп, оның 71 пайыздан астамын жеке инвестициялар құрады. Бұл бизнес өкілдерінің өңірде жүргізіліп жатқан экономикалық саясатқа жоғары сенімін көрсетеді және облыс экономикасын одан әрі дамытуға берік негіз қалыптастырады.

    Депутаттар отандық тауар өндірушілерді қолдау және жергілікті қамтуды дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударады. Бүгінде бюджеттік жобаларды іске асыру кезінде мердігерлік жұмыстардың шамамен 90 пайызын Ақмола облысының кәсіпорындары орындауда. Бұл өңірлік бизнестің дамуына, жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерінің сақталуына ықпал етіп қана қоймай, мердігер ұйымдардың жұмыстардың сапасы мен уақытылы орындалуына жауапкершілігін арттырады.

    Экономиканы дамытумен қатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Есепті жылы «Көкше Арена» спорт кешені, Зерендідегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, №10 мектеп және басқа да әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандар пайдалануға берілді.

    Ақмола облысы дәстүрлі түрде еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі болып саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың аграрийлері рекордтық өнім жинады – 7,6 млн тонна астық. Орташа өнімділік гектарына 16,3 центнерді құрады, бұл Қазақстан Республикасындағы жалпы астық өнімінің төрттен бір бөлігінен астамын құрайды. Бұл нәтижелер агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау, заманауи технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және сала мамандарының кәсіби еңбегінің арқасында мүмкін болды.

    Өндіріс көлемін арттырумен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Заманауи қайта өңдеу кәсіпорындарын құру өндірілетін өнімнің қосылған құнын арттыруға, өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

    Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жеңілдетілген несиелендірудің «Кең Дала – 2» бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Жыл қорытындысы бойынша Ақмола облысы еліміздің өңірлері арасында жеңілдетілген қаржыландырудың ең жоғары көлемін тартты – 118,7 млрд теңге. Мемлекеттік қолдауды 928 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші алды. Бұл көктемгі егіс және жинау жұмыстарын уақытылы жүргізуге, заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға және өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

    Аграрлық секторды қолдау бағдарламаларын жетілдіру, мемлекеттік ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру және ауыл шаруашылығын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері саладағы проблемалық мәселелерді тұрақты түрде талдап, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден келіп түсетін ұсыныстарды зерделеп, оларды шешу бойынша нақты ұсынымдар әзірлеуде. Комиссия депутаттары тарапынан аграрлық саланы қолдау жөніндегі қолданыстағы бағдарламаларды жетілдіру бойынша тиісті ұсыныстар Қазақстан Республикасының Парламентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданды. Бұл бастамалар өңірлік ерекшеліктерді ескеру, мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту және облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында бағытталды.

    Депутаттық корпустың тұрақты бақылауында киіктердің санын реттеу мәселесі де тұр. Соңғы екі жыл ішінде облыстық мәслихат депутаттары бұл мәселені Қазақстан Республикасы Парламенті мен орталық мемлекеттік органдар деңгейінде жүйелі түрде көтеріп келеді. Киік санының шамадан тыс өсуі егістік алқаптардың сақталуына, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметіне және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Бұл бағыттағы жүйелі шешімдерді әзірлеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.

    Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақмола облысында халықты орталықтандырылған сумен жабдықтау қызметтерімен қамту 100 пайызға жеткізілді. Алғаш рет 78 ауылдық елді мекеннің шамамен 30 мың тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар инженерлік желілерді қайта жаңарту және жаңғырту есебінен 20 елді мекендегі 44 мың тұрғын үшін сумен жабдықтау сапасы жақсарды.

    Бұл жобалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруда және қолайлы тұрмыс жағдайларын қалыптастыруда ерекше әлеуметтік маңызға ие.

    2025 жылы тұрғындарды негізгі коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету бағытында елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл мемлекеттік органдардың, депутаттық корпустың және бейінді ұйымдардың инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және ауылдық елді мекендердегі жобаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмысының нәтижесі болып табылады.

    Тұрғын үй саласын дамыту және азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жұмыс бағыттарының бірі болып қала береді. 2023–2025 жылдар аралығында Ақмола облысында 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл алдыңғы төрт жылдағы құрылыс көлеміне шамалас көрсеткіш.

    Тек 2025 жылдың өзінде 694 мың шаршы метрден астам тұрғын үй немесе 6 658 пәтер пайдалануға берілді. Бұл ретте азаматтардың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. 1 мыңнан астам отбасы әлеуметтік тұрғын үймен қамтылды: 331 пәтерлі 7 тұрғын үй пайдалануға берілді, тағы 756 отбасы сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үй алу арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартты.

    Соңғы екі жыл ішінде 5 мыңға жуық мұқтаж отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жеті жылдағы нәтижелерден жоғары. Мұндай нәтижеге жеке құрылыс салушылардан дайын пәтерлерді сатып алу тәжірибесін енгізу арқылы қол жеткізілді. Бұл азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үдерісін айтарлықтай жеделдетуге және халықтың қажеттіліктеріне жедел жауап беруге мүмкіндік береді.

    Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Осы бағыт аясында облыста жалпы 715 пәтерге арналған 10 жаңа тұрғын үй салынды. Авариялық және тозығы жеткен тұрғын үйлердің тұрғындарын көшіру мақсатында меншік иелеріне 187 пәтер берілді, 193 пәтерді қамтитын 21 авариялық үй сүрілді, 6 пәтер бойынша ақшалай өтемақы төленді.

    Облыстық мәслихат депутаттары тұрғын үй бағдарламаларының іске асырылуына, құрылыс жұмыстарының мерзімдерінің сақталуына, салынып жатқан нысандардың сапасына және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына тұрақты бақылау жүргізеді. Депутаттар көшпелі іс-шаралар аясында құрылыс алаңдарын аралап, тұрғындармен кездесулер өткізеді және атқарушы органдардың қосымша назар аударуын талап ететін мәселелерді қарастырады.

    Депутаттық корпустың маңызды міндеттерінің бірі – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын бақылау. Депутаттар жол инфрақұрылымын дамыту, елді мекендерді абаттандыру, коммуналдық жүйелерді жаңғырту, жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының сенімділігін арттыру мәселелерін тұрақты бақылауда ұстайды.

    Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту да депутаттардың назарындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Депутаттар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын салу мен жаңғырту жұмыстарын бақылауды жалғастыруда. Бұл ретте жобалардың уақытылы іске асырылуына және олардың халық қажеттілігіне сәйкестігіне ерекше мән беріледі.

    Атқарылып жатқан барлық жұмыстардың негізгі мақсаты – азаматтарға қолайлы өмір сүру жағдайларын қалыптастыру, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және облыстың әрбір елді мекенінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

    Депутаттық корпустың, атқарушы органдардың, бизнес өкілдерінің және азаматтық қоғам институттарының бірлескен әрі жауапты жұмысы ғана Ақмола облысының әлеуетін одан әрі нығайтуға, тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін.

    Барлық деңгейдегі депутаттарға, мемлекеттік органдарға, қоғамдық ұйымдарға, бизнес өкілдеріне және облыс тұрғындарына сындарлы өзара іс-қимыл, қолдау және бірлескен жұмыс үшін алғысымды білдіремін.

    Жүктеу
    17d86d225598aa03f9a0c92b86ef0ece_original.23948.docx
    DOCX · 23 КБ
    Жүктеу

    Ұқсас материалдар

    Бюджет

    "Ақмола облыстық мәслихатының аппараты" ММ 2025 - 2027 жылдарға арналған БЮДЖЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

    "Ақмола облыстық мәслихатының аппараты" ММ 2025 - 2027 жылдарға арналған БЮДЖЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ 001 Облыс мәслихатының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер

    Жарияланды:
    Хаттама

    Ақмола облысы мәслихаттарының қызметін үйлестіру жөніндегі кеңес отырысының ХАТТАМАСЫ 2025 ж. 15 мамыр

    Ақмола облысы мәслихаттарының қызметін үйлестіру жөніндегі кеңес отырысының Хаттамасы Көкшетау қ. 2025 ж. 15 мамыр 10.00 Қатысқандар:қалалық пен аудандық мәслихаттардың төрағалары (тізім қоса беріледі) Төрағалық етуші...

    Жарияланды:
    Хаттама

    Ақмола облысы мәслихаттарының қызметін үйлестіру жөніндегі кеңес отырысының ХАТТАМАСЫ 2026 ж. 21 сәуір

    Ақмола облысы мәслихаттарының қызметін үйлестіру жөніндегі кеңес отырысының Хаттамасы Көкшетау қ. 2026 ж. 21 сәуір 11.00 Қатысқандар:қалалық пен аудандық мәслихаттардың төрағалары (тізім қоса беріледі) Төрағалық етуші...

    Жарияланды:
    Шешім

    Сегізінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс отыз бірінші сессиясының күн тәртібі туралы

    Сегізінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс отыз бірінші сессиясының күн тәртібі туралы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикас...

    Жарияланды:
    Шешім

    Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясы төрағасының міндеттерін уақытша жүктеу туралы

    Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясы төрағасының міндеттерін уақытша жүктеу туралы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес А...

    Жарияланды:
    Шешім

    «Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Ақмола облысы бойынша іс-қимыл жоспарын бекіту туралы» Ақмола облыстық мәслихатының 2024 жылғы 12 қарашадағы № 8С-16-5 шешіміне өзгеріс енгізу туралы

    Ақмола облыстық мәслихатының 2026 жылғы 22 шілдедегі № 8С-31-5 шешімі «Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Ақмола облысы бойынша іс-қимыл...

    Жарияланды:
    Шешім

    Ақмола облыстық мәслихатының 2026 жылғы 22 шілдедегі № 8С-31-4 шешімі

    Ақмола облыстық мәслихатының 2026 жылғы 22 шілдедегі № 8С-31-4 шешімі Ақмола облысында жерлеу және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мем...

    Жарияланды:
    Шешім

    Ақмола облысы бойынша Толық бітіріп берілетін құрылыс объектілерінің тізбесін бекіту туралы

    Ақмола облыстық мәслихатының 2026 жылғы 22 шілдедегі № 8С-31-3 шешімі Ақмола облысы бойынша Толық бітіріп берілетін құрылыс объектілерінің тізбесін бекіту туралы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республ...

    Жарияланды: