Нитраттар – ауыл шаруашылығында минералды тыңайтқыш ретінде кеңінен қолданылатын азот қосылыстары. Тыңайтқыштарды шамадан тыс пайдалану нәтижесінде нитраттар көкөністерде, көк шөптерде және бақша дақылдарында жиналуы мүмкін. Адам ағзасына көп мөлшерде түскен нитраттар нитриттерге айналып, денсаулыққа кері әсер етуі ықтимал.
Нитраттармен улануға әсіресе балалар, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар және созылмалы аурулары бар адамдар бейім келеді.
Нитраттардың көп мөлшері келесі өнімдерде кездесуі мүмкін:
- жапырақты көкөністер мен көк шөптерде;
- қызылша мен шалғамда;
- ерте піскен қырыққабатта;
- қияр мен кәдіде;
- өсіру технологиясы сақталмаған қарбыз бен қауында.
Нитраттармен тағамнан уланудың алдын алу үшін:
- көкөністерді, жемістерді және бақша өнімдерін тек рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алыңыз;
- шығу тегі белгісіз өнімдерді және рұқсат етілмеген сауда орындарынан өнім сатып алмаңыз;
- көкөністерді, жемістерді және көкті ағын сумен мұқият жуыңыз;
- көкөністердің қабығын аршып, қырыққабаттың өзегін және сыртқы жапырақтарын алып тастаңыз;
- тағам өнімдерін сақтау талаптарын сақтаңыз;
- бүліну белгілері бар өнімдерді тұтынбаңыз;
- дұрыс әрі теңгерімді тамақтану қағидаларын ұстаныңыз.
Егер жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, әлсіздік, бас айналу, еріннің көгеруі немесе тыныс алудың қиындауы сияқты белгілер байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Тағам өнімдерін дұрыс таңдау және қауіпсіздік ережелерін сақтау – нитраттармен уланудың алдын алудың және денсаулықты сақтаудың маңызды кепілі.
«Жітіқара аудандық
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ
жетекші маманы
Байдильдинова А.К.