Ақтау қаласы мәслихатының әлеуметтік мәселелері және заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 2025 жылғы есебі

    ·

    Құрметті депутаттар мен шақырылғандар!

    Қалалық мәслихаттың әлеуметтік мәселелері және заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) есепті кезеңде өз қызметін мәслихат жұмысының перспективалық жоспарына сәйкес, сондай-ақ, биліктің өкілді органдарының алдына қойылған міндеттерді негізге ала отырып жүзеге асырды.

    Өз құзыреті шегінде тұрақты комиссия құқықтық актілерді қарау, заңнаманың, азаматтардың өтініштерінің орындалуын бақылау, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ, құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысу бойынша жұмыс жүргізді.

    Бейінді мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс кездесулері, өзекті мәселелерді талқылау отырыстары ұйымдастырылды.

    Қаралған мәселелердің нәтижелері бойынша комиссия тиісті ұсынымдар дайындап жолдады, қорытындылар берді, нормативтік базаны және уәкілетті органдардың қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізді. Есепті кезеңде тұрақты комиссия 6 отырыс өткізді. Азаматтардан 14 өтініш келіп түсті, мемлекеттік органдарға 17 депутаттық сауал жолданды.

    Комиссия отырысында қала жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының жай-күйі және оларды азайту бойынша қабылданатын шаралар туралы баяндама қаралды. Талқылау барысында негізгі мәселелер айқындалды:

    – 2025 жылдың алғашқы алты айында жол-көлік оқиғаларының саны 405-ке жетіп, 3 адам қаза тауып, 494 адам жарақат алған – жол қауіпсіздігі деңгейін күшейту қажет;

    – жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны едәуір артқан – жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын жетілдіру қажет;

    – жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі көлік қозғалысы жоғары және ағыны тығыз жол учаскелерінде тіркеледі – автоматтандырылған бақылау жүйелерін осындай учаскелерге басымдықпен орналастыру қажет;

    – қалада төрт учаскеде жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерін салу мәселесі өзекті күйінде қалып отыр – нақты қаржыландыру мен орындаушыларды айқындау қажет;

    – балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары жеткіліксіз – ескерту мүсіндерінің техникалық және эстетикалық жай-күйіне тұрақты бақылау енгізу қажет;

    – электросамокаттарды пайдалану кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері жиілеген – бақылауды, патрульдеуді және құқықтық ықпал ету шараларын күшейту қажет;

    – жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігі жеткіліксіз – білім беру ұйымдарында және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүйелі түсіндіру жұмыстарын кеңейту қажет.

    Комиссияның ұсыныстары:

    – жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын көшелер мен жол учаскелеріне жол қозғалысы ережелерін тіркейтін автоматтандырылған бақылау құрылғыларын орнату және олардың санын кезең-кезеңімен арттыру;

    – 30, 22, 31 және 11 шағын аудандардағы қауіпті учаскелерде жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерін салу бойынша нақты жоспар әзірлеп, қаржыландыру көздерін айқындау;

    – қауіпті аймақтардағы жаяу жүргіншілер өткелдерінің маңына қоршаулар орнату және жол белгілерінің көріну сапасын жақсарту;

    – қала аумағындағы балалар бейнесіндегі ескерту мүсіндерінің техникалық және эстетикалық жай-күйіне тұрақты бақылау енгізіп, олардың тазалығы мен бүтіндігін қамтамасыз етуді коммуналдық қызметтердің міндетіне жүктеу;

    – мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша тұрақты профилактикалық кездесулер мен түсіндіру іс-шараларын өткізу;

    – бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-насихат жұмыстарын күшейту;

    – электросамокат пайдаланушылар тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін патрульдеуді күшейту, азаматтардан келіп түсетін шағымдарды жедел қарау және құқық бұзушыларға заңнамаға сәйкес шара қолдану ұсынылды.

    Комиссия отырысында Ақтау қалалық полиция басқармасының мектеп автобустарына қатысты ұсыныс хаты және қалалық білім бөлімінің осы мәселе бойынша ұсынған ақпараты қаралды. Талқылау барысында оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыру ісінде бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Атап айтқанда:

    – қаладағы 12 мектеп автобусының барлығы дерлік тозған, пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан, техникалық жай-күйі балаларды қауіпсіз тасымалдау талаптарына толық сәйкес келмейді;

    – автобустарда қауіпсіздік белдіктері, арнайы жарық белгілері және балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға қажетті жабдықтар жеткіліксіз;

    – автобустарды сақтау, күзету және техникалық қызмет көрсету жүйесі талапқа сай ұйымдастырылмаған;

    – жүргізушілердің жолға шығар алдындағы міндетті медициналық тексеруі мен көліктердің техникалық бақылауы жүйеленбеген;

    – автобустарды мектептердің өз балансында ұстау тиімсіз, себебі бұл білім беру ұйымдарының негізгі қызметіне жатпайды;

    – оқушылар санының өсуіне байланысты қосымша автобустарға қажеттілік бар;

    – арнайы білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілерін тасымалдау үшін бейімделген көлік жеткіліксіз.

    Осыған байланысты депутаттар мектеп автобустарын кезең-кезеңімен заманауи қауіпсіздік талаптарына толық сай жаңа автобустармен ауыстыру, оларды сақтау, техникалық қызмет көрсету, техникалық байқаудан өткізу және жүргізушілердің медициналық тексеруін ұйымдастыру үшін мамандандырылған арнайы мекеме немесе ұйым арқылы жүргізу тетігін енгізу, оқушылар санының өсуін ескере отырып қосымша автобустар бөлу, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдары үшін бейімделген автобустармен қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар берді.

    Бұдан бөлек, оқушыларды тасымалдау қызметін ұйымдастырудың тиімді моделін әзірлеп, осы мәселе бойынша тұрақты комиссия қарауына нақты ұсыныстар енгізу қажеттігі көрсетілді.

    Комиссия отырысында қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы №12 «Азаматтарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру жөнiндегi шаралар туралы» қаулысының орындалысы туралы Ақтау қалалық мансап орталығының ақпараты қаралды. Жыл басынан Ақтау қалалық мансап орталығына 16 821 азамат жүгінген, оның 3 071-і жұмысқа орналастырылған. Алайда тұрақты жұмыс орындарының саны төмен: жоспарланған 1 450 орнының тек 984-і орындалған, уақытша және субсидияланатын жұмыс орындары басым. Жұмыссыз ретінде тіркелгендердің бір бөлігі нақты жұмысқа емес, әлеуметтік және әкімшілік мақсаттарға тіркеледі, ал кейбір салаларда бос жұмыс орындары конкурстық негізде ұсынылады, бұл еңбек нарығындағы құрылымдық теңгерімсіздікті сақтайды.

    Депутаттар тұрақты жұмыс орындарын құруға басымдық беру, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды күшейту, тіркеу тетіктерін нақты жұмысқа бағыттау, мансап орталығының қызметін еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне бейімдеу, кәсіби талдау жасап сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыспен қамтуды арттыру жөнінде ұсыныстар берді.

    Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиялары 2025 жылғы жұмыс барысында «Ақтау қаласындағы мектептерде денсаулық сақтаудың проблемалары мен оларды дамыту перспективалары» тақырыбын қарады. Талдау қалалық білім бөлімі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне негізделді. Қалада 208 білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 64 мектеп (33 мемлекеттік, 30 жекеменшік, 1 кешкі), 142 мектепке дейінгі ұйым және 2 мектептен тыс мекеме бар. 0–18 жас аралығында 108 180 бала тіркелген, оның 57%-ы мектеп жасында.

    Талдау барысында мектептерде медициналық қызмет көрсету саласында бірнеше өзекті проблемалар анықталды. 7 мектеп лицензиясыз жұмыс істеп, 6 000-нан астам оқушы алғашқы медициналық көмектен тыс қалуда. Кейбір жеке меншік мектептер МСАК ұйымдарымен келісімшарт жасамай, вакцинация мен профилактикалық тексерулерді толық өткізбей отыр. Мектептегі медициналық пункттердің жұмыс уақыты оқушылардың кешкі оқу кестесін толық қамти алмайды, дефибрилляторлар жоқ, кадр тапшылығы байқалады. Профилактикалық екпе көрсеткіштері төмен, екпеден бас тарту жағдайлары артқан. Депутаттар балалардың денсаулығын қорғау және мектептегі медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында нақты ұсыныстар жасады: профилактикалық екпені арттыру мақсатында ата-аналарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, дін істері және ішкі саясат басқармасымен бірлескен тәсілдер енгізу; медициналық лицензиясы жоқ мектептерді заңға сәйкестендіру, жеке меншік мектептерде МСАК ұйымдарымен келісімшартты міндеттеу; мектептегі медициналық пункттерді толық жабдықтау, кадр санын арттыру, жергілікті бюджет есебінен мейіргерлерді ынталандыру; және арнайы жұмыс тобы арқылы мектептегі медициналық қызметтің ұйымдастырылуын, профилактикалық шаралардың орындалуын және балалардың денсаулығына қатысты өзекті мәселелерді жүйелі зерделеу қажет деп бағаланды. Осы қаулыға сәйкес, денсаулық сақтау басқармасы жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, қалалық мәслихат депутаттары осы топқа қатысып, мектептегі медициналық қызметтің ұйымдастырылуын, профилактикалық шаралардың орындалуын және балалардың денсаулығына қатысты өзекті мәселелерді нақты зерделеуде.

    2025 жылы қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиялары Ақтау қаласы полиция басқармасының құқықбұзушылық пен қылмыстардың алдын-алу бойынша профилактикалық жұмыстарының нәтижесін қарады. Атап айтқанда, қоғамдық орындардағы қылмыстар 20,6%-ға, көшедегі қылмыстар 26,5%-ға, жасөспірімдер қатысқан қылмыстар 37,5%-ға, мас күйінде жасалған қылмыстар 4,4%-ға төмендеді. Қорғау нұсқамасын енгізу 14%-ға, нұсқама бұзғандарға шара қолдану 31,6–33,3%-ға артты. Алайда, топтық қылмыстар 58,3%-ға, бұрын сотталғандармен жасалған қылмыстар 11,6%-ға, отбасы-тұрмыстық қылмыстар 600%-ға өсті. Себептері: учаскелік инспекторлардың жетіспеушілігі, кей аудандарда полиция пункттерінің болмауы, бейнебақылаудың аздығы және көңіл көтеру орындарында алкоголь сатылымының реттелмеуі. Депутаттар ұсынымдар жасады: түнгі рейдтерді күшейту, алкоголь сатылымын бақылау, барлық көңіл көтеру мен сауда орындарында заманауи бейнебақылау орнату, талапқа сай келмейтін нысандарға лицензиялық шектеу енгізу. 18–20А, 19–19А, 35–39 аудандарда үш жаңа полиция пунктін ашу, учаскелік инспекторлардың санын 80 бірлікке арттыру. Мектептерде жасөспірімдерді құқықбұзушылықтан қорғау мақсатында тәрбиелік сабақтар, спорт және шығармашылық үйірмелерге тарту, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын күшейту ұсынылды. Ұсыныстарды жүзеге асыру үшін депутаттар қатысатын арнайы жұмыс тобы құрылып, барлық шаралар әлеуметтік мәселелер және заңдылық пен құқық тәртібі жөніндегі тұрақты комиссияның бақылауына енгізілді.

    Құрметті әріптестер, қорытындылай келе, белгіленген міндеттер мен басым бағыттарға сәйкес жұмыс жалғасатынын атап өткім келеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық депутаттарға, тұрақты комиссия мүшелеріне белсенді және жемісті жұмысы үшін алғысымды білдіремін.

    Қалалық мәслихатының әлеуметтік мәселелері

    және заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері

    жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы

    Н. Тлепов

    Жүктеу
    f98b0178e038e5185aa1b712b042d647_original.24461.docx
    DOCX · 24 КБ
    Жүктеу

    Ұқсас материалдар

    Есеп

    2025 жылғы Ақтау қалалық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның қызметі туралы ЕСЕП

    Құрметті президиум, депутаттар және шақырылғандар! Ақтау қалалық мәслихатында экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия жұмыс істейді. Комиссия Қазақстан Республикасының Конституциясына «Қазақстан Респу...

    Жарияланды:
    Шешім

    Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған "Таза Қазақстан" тұжырымдамасын әске асыру бойынша қала әкімдігінің жұмысы туралы

    Жарияланды:
    Шешім

    2025 жылға арналған Өмірзақ ауылы бюджетінің атқарылуы жөніндегі есебі туралы

    Жарияланды:
    Шешім

    2025 жылға арналған Ақтау қаласы бюджетінің атқарылуы жөніндегі есебі туралы

    Жарияланды:
    Шешім

    Актау қаласы жер комиссиясының құрамы туралы

    Жарияланды:
    Шешім

    Ақтау қалалық мәслихатының №7 сайлау округінің депутаты Г.А. Абишеваның өкілеттілігінің мерзімнен бұрын тоқтатылуы туралы

    Жарияланды:
    Шешім

    Ақтау қаласы жанындағы жастар жөніндегі кеңестің құрамы туралы

    Жарияланды:
    НҚА

    2026-2028 жылдарға арналған Өмірзақ ауылының бюджеті туралы

    Жарияланды: