
Өмірбаян
Молдашева Рыиза Асанқызы 1961 жылы бұрынғы Семей облысы Бесқарағай ауданында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. 1985 жылы Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. 2007 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде «Заңтану» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алған. Филология ғылымдарының кандидаты, ғылыми тақырыбы - «Семей өңіріндегі мерзімді баспасөздердің қалыптасу және даму тарихы». Рыиза Асанқызы - қазақ баспасөзінің тарихы жайлы он монографияның авторы.
Марапаттары:
Р.А.Молдашева 2005 жылы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін ҚР Президентінің сыйлығын иеленді.
2020 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
ҚР Президентінің 2009 жылғы БАҚ саласындағы грантының иегері.
Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, «Ақпарат саласының үздігі».
2004 жылы «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағына ие болды.
2009 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен,
2008 жылы «Астанаға 10 жыл» медалімен,
2011 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен,
2014 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Әр жылдары ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қолы қойылған алғыс хатпен, ШҚО және Семей қаласы әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, «Nur Оtаn» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының Құрмет грамотасымен, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталған.
«Нұр Сұңқар» сыйлығының иегері.
«2017 жылдың үздік БАҚ редакторы» аталымы бойынша Геннадий Толмачев атындағы сыйлықтың иегері.
Отандық құқықтық жүйенің дамуына қосқан үлесі үшін, мәслихаттардың 20 жылдығына арналған идеологиялық шараларға белсене қатысқаны үшін сол кездегі ҚР Парламенті Сенаты Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Құрмет грамотасын алған.
2023 жылы Семей қаласының Құрметті азаматы атағына ие болды.
Кәсіби еңбек жолын Семей облыстық «Семей таңы» газетінде журналист ретінде бастап, кейіннен аталған басылымның экономика бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ал 1997 жылы газеттің бас редакторы болып тағайындалды.
1997 жылы, Шығыс Қазақстан және Семей облыстары біріктірілген кезде, «Семей таңы» газеті жабылудың сәл алдында болды. Басылымның тағдырына бейжай қарай алмайтын журналист республикамыздағы байырғы қазақ тілді газеттің жабылуына жол бермей сақтап қалды. Рыиза Молдашеваның қажырлы еңбегінің, ұйымдастырушылық шеберлігінің және журналистік қызметке деген адалдығының нәтижесінде «Семей таңы» аймақтық газеттер арасында таралымы көп басылымдардың бірі болып отыр.
«Семей таңы» газетінің тарихы тереңде жатыр. Басылымның алғашқы саны 1917 жылы «Сарыарқа» деген атпен жарық көріп, Алаш орда үкіметінің ресми органы болды. Газет ғасырдан астам уақыт бойы Семей өңірінің экономикасы, қоғамдық-саяси өмірі, мәдениеті мен білімі саласындағы маңызды кезеңдердің шежірешісі болып келеді.
Газеттің негізін қалағандардың қатарында қазақ халқының тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін қалыптастыруды армандаған белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері–Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов сынды көптеген зиялы қауым өкілдері болды. Басылым алғашқы болып оқырмандарды ұлы Абайдың, Шәкәрімнің шығармашылығымен таныстырды. «Семей таңы» газетінің редакциясында М.Әуезов, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Ә.Нұршайықов, М.Сәрсеке шығармашылық жолын бастаған. Осы қаламгерлердің алғашқы көркем шығармалары мен публицистикалық мақалалары аталған басылымда жарықкөрген.
2002 жылы «Семей таңы» газетінің негізінде жаңа газет - «Семипалатинские вести» жарыққа шықты, қазір ол «Вести Семей» қоғамдық-саяси газеті деп аталады. 2020 жылы Бесқарағай ауданына тарайтын екітілдегі «Біздің Бесқарағай» газеті ашылса, 2023 жылдан бастап Бородулиха ауданына тарайтын «Жаңа уақыт» - «Новое время» газеті шыға бастады.
Алғашқы қазақ газеттерінің бірі, бүгінде Абай облысы мен тәуелсіз Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларындағы міндеттерді жүзеге асырудағы жетістіктердің жаршысына айналған «Семей таңы» газетінің білікті басшысы.
«ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС-нің құрылтайшысы, директор - бас редакторы.
Семей қаласы мәслихатының қатарынан бес шақырылымының депутаты, «Nur Otan» партиясынан (қазіргі «AMANAT» партиясы) Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының VI шақырылымының депутаты болып сайланды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі. «AMANAT» партиясының мүшесі.
2023 жылдың 30 наурызынан бастап VIII шақырылған Абай облысы мәслихатының депутаты.
Нұрай атты қыз тәрбиелеп отыр.





