
Өмірбаян
Шәкен Мәлікқызы 1964 жылы 15 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жаңаауыл ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық институтының тарих және кітапхана факультетін бітірген. Мәдениет пен өнер саласында 30 жыл жұмыс тәжірибесі бар. Мәдениет саласындағы кәсіби құзіретті жоғары санатты маман.
1986-1993 жж аралығында Шығыс Қазақстан облысы,Тарбағатай ауданы, Жаңаауыл ауылында комсомол жастар жетекшісі, бала-бақша меңгерушісі;
1994-95 жж Д.Қонаев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі;
1995-1997 жж Тарбағатай аудандық мәдениет және спорт бөлімінің әдіскері;
1998-2005 жж аудандық методикалық орталықтың директоры, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, орталықтандырылған клуб жүйесінің директоры,
2005-2009 жж методист, 2009 -2012 желтоқсан айына дейін Тарбағатай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері,
2012 жылдың 16 желтоқсаннан осы уақытқа дейін «Ақсуат мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры қызметін атқарды.
Ш.Көпшікбаева осы жылдар ішінде өзінің жұмыс тәжірибесі мен кәсіби білімін саланың дамуына жұмсады.
Мемлекетіміздің мәдени саясатын жергілікті жерде жүзеге асыруда Тарбағатай –Ақсуат аудандарының мәдени дамуының оң динамикасының қалыптасуына еңбек сіңірді. Өңірдің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен қазақстандық мазмұндағы сан түрлі жаңа форматтағы шығармашылық жобаларды іске асырды.
Аудандағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі, ансамбльдер, этно топтар, халық театрларының шығармашылықпен жұмыс істеді. «Бабалар сазы» этно ансамблі Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық байқау, «Алтай- Түркі әлемінің алтын бесігі» Халықаралық музыка фестивалдарына, Қ.Р.Мәдениет министрлігінің «Алтай кластері» мемлекетіміздің «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» жобалары бағыты бойынша қазақ өнерін шетелге танытуда.
2018-2019 жылы Иран Ислам Республикасы Тегеран, Түркия мемлекетінің Анкара, Бурса, Өзбекстанның ЮНЕСКО мен бірлескен дүниежұзілік «Шарк тароналари» фестиваліне қатысса, «Сұлусаз» фольклорлы ансамблі Солтүстік Қазақстан Петропавл қаласында өткен Сегіз Серінің 200 жылдығына арналған «Гаухартас» Республикалық фестивалі, Тараз қаласында өткен «Көне Тараз күмбірі» республикалық фестивалінің тұрақты қатысушысына айналды.
«Ақсуат» халық театры Семей, Зайсан қалаларында өткен театрлар фестиваліне қатысып жүлделі 1- 2 орын иеленді.
Аудандағы халықтық ұжымдарының шығармашылық деңгейін көтеру, репертуарларын жаңартуда Семей қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның бас дирижері Қ.Р.Мәдениет қайраткері Н Түкей, Астанадағы мемлекеттік филармонияның базасындағы «Қорқыт» дәстұрлі саз тобының көркемдік жетекшісі Қ.Р.Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек , Қазақ Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясы, «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі, Семей, Өскемен қаласындағы өнер колледж мамандарымен шығармашылық байланыс орнатып кадрлық және репертуар зәрулігін шешуде еңбек етті.
Аудан мәдениетін дамытудағы оң үрдістерді уақыттан қалмай ұйымдастырып бәсекеге қабілетті мәдени қызметтер нарығында жаңашылдықпен еңбек етті.
Ш.Көпшікбаева ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Мәдени саясат және өнертану институтының қайта даярлау курсынан білімін жетілдірген. Біріккен Ұлттар ұйымының «Әлеуметтік бағдарламаларды басқару және жүзеге асыру» бағдарламасы бойынша халықаралық семинар-курсын оқыған.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Тарбағатай, Дидар, Ертіс өңірі, Семей таңы, Қазақ әдебиеті газеттері, «Өнер мен мәдениет», «Спорт», «Тарих және таным», «Экономика» әйелдерге, жастарға арналған сайттарда өзіндік ой пікірлі мақалаларымен көпшілік білетін тілші.
Жеке шығармашылығында Ұлы Жеңістің 65 және 70 жылдығына арналған «Өшпес даңқ», «Ешқашан ұмытылмайтын ұлы ерлік» деректі ескерткіш журналының жауапты шығарушысы, авторы. «Тарбағатай ақындары жырлайды» және «Тарбағатай әуендері», Кәрібай Таңатарұлына арналған кітабын жинақтаушы, ауданның тарихына арналған «Барқытбелдің баурайында», «Тарбағатай» энциклопедиялық анықтамалығының авторлар алқасының мүшесі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының екі дүркін мемлекеттік мерекелік медалі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің, аудан әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының бірнеше рет Алғыс хатымен, Құрмет Грамотасы, 2015 жылы «Клуб ісі» номинациясы бойынша «Мәдениет пен өнерге қосқан үлесі үшін» Шығыс Қазақстан облысы әкімінің сыйлығымен марапатталған.
Қ.Р.Мәдениет саласының үздігі. Тарбағатай ауданының «Құрметті азаматы»
