
Өмірбаян
1957 жылдың 10 мамырында Балқаш ауданының Құйған ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Бозжанов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 9-шы класты Жамбыл облысы Мойынқұм ауданына қарасты Мыңарал елді мекенінде жалғастырып, орта мектепті Балқаш ауданының Қараой ауылында бітірді.
Владивосток қаласында әскери теңіз флотында болып келген соң С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетінде оқыды.
Журналистік еңбек жолы Балқаш ауданындағы «Балқаш еңбеккері» газетінде басталды. 1984-1988 жылдар арасында осы газетте тілші, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы болып істеді.
Күрті ауданының Ақжар ауылындағы Ж.Бәрібаев атындағы орта мектепте бір жыл ғана еңбек етіп, Жетісудің көрнекті қоғамдық қайраткері, революционер Жұбаныш Бәрібаевқа мұражай ашып, ескерткіш қойып кеткен азамат.
Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде хат бөлімінің меңгерушісі, Қазақ радиосының филиалы саналған Күрті радиосының жауапты редакторы қызметтерінде болды. Мәскеу қаласында радиожурналистік білімін жетілдірді.
Қапшағай қаласында қалалық «НК-ТВ-2» телекомпаниясында қазақ редакциясының жетекшісі, қалалық «НК-ИНФО» газетінің бас редакторы, осы телекомпанияның Нарынқол аймағындағы филиалы-Райымбек телеарнасының директоры, сол жерде ашқан «Тіршілік» газетінің бас редакторы болып еңбек етті.
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігіне қарасты «Ваш транскурьер» газеті бас редакторының орынбасары қызметінде болды.
2002 жылдан бастап жеке кәсіпкер болып, республикалық «Өнер әлемі», «45 минут» журналдары мен «Білім әлемі» газетін, Жамбыл ауданында «Келешек», Еңбекшіқазақ ауданында «Мектеп өмірі» атты аудандық мұғалімдер газеттерін ашып, құрылтайшы болды.
2010 жылдан бері екі тілде шығатын «Нұрлы өлке» газетінің директор-бас редакторы болып еңбек етуде.
«Әжемнің әңгімесі», «Қараой қалжыңдары», «Ауылды сағынғанда» кітаптары мен «Туған жер. Родная земля» атты туған жері Балқаш ауданы Құйған ауылының энциклопедиясының авторы. «Біздің елдің жігіттері» атты танымдық кітабы шығарылу үстінде. 1987 жылдан Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі. Ешқандай партияда жоқ.
Балалы-шағалы. Бір ұл мен бір қыздың әкесі,үш немеренің атасы.





